Еңбек нарығында жұмысшы мамандықтарға сұраныс артып келеді

13 Қыркүйек, 14:28 840

Қазақстанда 2025 жыл «Жұмысшы мамандықтары жылы» деп жарияланды. Бұл бастама еліміздің еңбек нарығы мен экономикасының тұрақты дамуы үшін аса маңызды қадам болмақ. Әлемде технологиялық өзгерістер мен жаһандық трендтер күн санап өсіп келе жатқанда, жұмысшы мамандықтарының рөлі артып келеді. Жұмысшы мамандықтарына қатысты қоғамның көзқарасын өзгерту және оларға лайықты мәртебе беру – қазіргі Қазақстанның басты міндеттерінің бірі.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жұмысшы мамандықтарын дәріптеу арқылы қоғамда еңбекқор және нағыз маман болу идеясын насихаттайтынымызды атап өтті.

Адал әрі табанды еңбегімен табысқа жеткен адамдар қашанда құрметті, сыйлы болуы керек. Бұл біз ұсынып отырған «Адал азамат – Адал еңбек – Адал табыс» қағидатына толық сай келеді. Бір сөзбен айтқанда, біздің қоғамда еңбекқорлық, кәсібилік сияқты қасиеттер өте жоғары бағалануға тиіс. Өз кәсібін  жетік меңгерген мамандар ұлт сапасын арттырады. Сондықтан біз еңбек адамының мәртебесін көтеріп жатырмыз. Бұл бағыттағы жұмыс тоқтамайды, жалғаса береді. Жұмыстың жаманы жоқ, кез келген еңбек – қадірлі. Ең бастысы, әркім жауапкершілікті терең сезініп, өз міндетін сапалы атқаруға тиіс. Сонда ғана еліміз дамудың сара жолына түседі, - деді президент.

Экономист Бауыржан Ысқақ президенттің бұл бастамасы негізінде елімізде еңбек адамдарына деген құрмет пен қолдаудың артатынын жеткізді.

Экономикада орта тап деген дүние бар. Яғни орташа есеппен 500-700 мың теңге жалақы алатын азаматтар бар. Міне осындай орта таптағы адамдардың шоғыры қалыптасса, үлкен әлеуметтік мәселені өзі шешуге жағдай жасайды. Елімізде ең төменгі жалақы алатын азаматтардың үлесі 80 пайызға жетіп отыр. Ал 7-8 пайызы жоғары табыс табатын азаматтар. Бізде 5 млн-нан жоғары табыс табатын азаматтардың үлесі 5-6 пайызды ғана құрайды, - дейді Бауыржан Ысқақ.

Экономисттің сөзінше, елімізде 500 мың теңге мен 1 млн теңге арасында жалақы алатын азаматтардың үлесі 7-8 пайызды құрайды.

Осы олқылықты шешу үшін жұмысшы күші керек. Ол үшін жұмысшылардың құрметі, экономиканың дамуына тікелей әсерін тигізетін түрлі өндірістегі мамандар, технология саласында, құрылыста, ауыл шаруашылығында істейтін азаматтардың үлесі әртүрлі және олар бәсекеге қабілетті болуы керек. Жалақысы да заман талабына сай болуы тиіс. Сонда ғана жұмысшылар туралы бастаманың дұрыс жүзеге асуы көрінеді, - дейді экономист.

Маман жұмысшылардың әлеуетін арттыру экономикаға оң әсерін тигізетінін атап өтті.

Экономикалық зерттеулер институтының басқарма төрағасының орынбасары Ерділда Таутенов те оның маңызды тұсын түсіндіре кетті.  

Экономист ретінде айтарым, экономикалық өсуге негізінен екі фактор әсер етеді. Олар адами капитал мен инвестиция. Бұл жерде инвестиция тарту өте маңызды. Өйткені ол негізгі фактордың бірі болып табылады. Қаражатсыз, жұмыс күшінсіз ешқандай зауыт та сала алмаймыз. Экономикамызды дамыта алмаймыз. Бұл жерде кешенді сұрақтар да шешілу керек. Себебі салық саясаты инвесторлар үшін маңызды. Президент жаңа салық кодексін қабылдауға келесі жылға дейін уақыт берді. Асықпай, саралап, сараптап, дұрыс жүйе жасау керегін айтты. Әрине, бұл оң шешім болды.  Себебі салық кодексі бизнесті, салаларды, әлеуметтік инвесторларды, тіпті толық мемлекетті қамтиды деуге болады. Сондықтан барлық мүдделерді ескеруге мүмкіндік бар, - деп түсіндірді Ерділда Таутенов.

Экономист биылғы президент жолдауындағы негізгі ерекшелікке тоқталып өтті.

Биылғы жолдаудың ерекшелігі президент Үкіметке нақты сандарды айтып, нақты тапсырма бермеді. Жалпы мәселелерді белгілеп, соның шешімін Үкіметке ұсынуға мүмкіндік жасады. Енді шешімді өздері ұсына алады, - дейді маман.

Жұмысшы мамандықтарының маңызы

Жұмысшы мамандықтары – экономиканың негізгі тіректерінің бірі. Ауыр және күрделі жұмысты атқаратын адамдарсыз елдің өндіріс секторын, инфрақұрылымын, ауыл шаруашылығын және басқа да маңызды салаларын елестету мүмкін емес. Инженерлер, дәнекерлеушілер, құрылысшылар, механиктер, электриктер, техникалық қызметкерлер – осы кәсіп өкілдері мемлекет экономикасының тұрақты дамуына үлкен үлес қосады.

Сонымен қатар, соңғы жылдары Қазақстанның еңбек нарығында жұмысшы мамандықтарына деген сұраныс арта түсті. Бұл ретте өнеркәсіп, құрылыс, көлік және ауыл шаруашылығы сияқты салаларда білікті жұмысшылардың жетіспеушілігі айқын байқалады. Осыған байланысты жұмысшы мамандықтары тек экономиканың өсімін қамтамасыз етіп қана қоймай, елдің әлеуметтік әл-ауқатына да ықпал етеді. Жастардың бұл салаларға деген қызығушылығын арттыру, сондай-ақ осы кәсіптерге қажетті дағдыларды қалыптастыру маңызды болмақ.

Жұмысшылардың мәртебесін көтеру

Жұмысшы мамандықтарының мәртебесін көтеру үшін мемлекет бірқатар шараларды жүзеге асырады. Алдымен, бұл мамандықтардың қоғамдағы беделін арттыру үшін ақпараттық науқандар ұйымдастырылуда. Жастар мен ата-аналарға жұмысшы мамандықтарының маңыздылығын түсіндіру мақсатында түрлі форумдар, көрмелер, мастер-класстар өткізілмек. Бұл бастамалар арқылы еңбек адамының абыройын өсіру және осы кәсіптердің тартымдылығын арттыру көзделеді.

Сонымен қатар, жұмысшылардың еңбекақысын арттыру, олардың құқықтары мен әлеуметтік кепілдіктерін қамтамасыз ету бойынша да шаралар қабылданбақ. Жұмысшылардың еңбек жағдайларын жақсарту, қауіпсіздік талаптарын күшейту, медициналық сақтандыруды қамту сияқты мәселелер де басты назарда. Еңбекке қолайлы жағдай жасау және жұмысшылардың әлеуметтік қорғалуы олардың өз мамандықтарына деген сенімін арттырып, кәсіптің тартымдылығын жоғарылатады.

2025 жылдың «Жұмысшы мамандықтары жылы» болып жариялануы Қазақстанның еңбек нарығын дамытуға, жұмысшы мамандықтарының беделін арттыруға және осы саладағы кадрлар тапшылығын жоюға бағытталған маңызды қадам. Бұл жыл жұмысшылардың еңбегін мойындап қана қоймай, қоғамдағы жұмысшы мамандықтарының рөлін қайта бағалауға мүмкіндік береді. Кәсіби-техникалық білім беруді дамыту, жұмысшылардың мәртебесін көтеру және жастарды осы салаға тарту арқылы Қазақстан экономикасының тұрақтылығы мен бәсекеге қабілеттілігін қамтамасыз ету мүмкін болады.

Миражан Махан
Бөлісу: