Еңбек күні: Әлем халқы мен елімізде

29 Қыркүйек, 13:47 469

Халқымыз «Еңбегіне қарай — құрмет, Жасына қарай — ізет», «Еңбек – адамның көркі, адам – заманның көркі» деп бекер айтпаған. Шын мәнінде, адал еңбек – бүкіл жетістіктің бастауы, табысқа жетудің кілті. Қазақстандағы Еңбек күні жыл сайын қыркүйектің соңғы жексенбісінде еңбек етудің маңыздылығын және ел игілігі үшін жұмыс істейтіндердің үлесін атап өту үшін тойланады. Биыл қазақстандықтар Еңбек күнін 29 қыркүйекте атап өтті. Осы ретте біз атаулы күнге орай еліміздегі еңбек адамдарына жасалған жағдайлар мен атқарылған іс-шаралар легіне тоқталсақ дейміз.

Бұл – адал еңбектің маңызын кеңінен дәріптейтін және табандылығымен мол табысқа жетіп жүрген еңбекқор азаматтарға құрмет көрсетуді көздейтін айтулы мереке. Шын мәнінде, түрлі саладағы мамандардың, әсіресе, қатардағы жұмысшылардың еңбегін бағалап, оларды көтермелеу – әділеттіліктің жарқын көрінісі. Алдымен Қазақстан еңбеккерлерін құрметтеу тарихына тоқталайық.

Қазақстандағы Еңбек күнінің тарихы

Бұл күн 2013 жылы Президент Жарлығымен жұмысшы мамандықтарын құрметтеу дәстүрлерін жаңғырту және еңбектің маңызын түсіну мақсатында белгіленген еді. Ал биыл Мемлекет басшысы 2025 жылды «Жұмысшы мамандықтары жылы» деп жариялауды және олардың мәртебесін көтеруді ұсынды. Мұндай бастама өз кәсібін жетік меңгерген еңбек адамдарын үлгі тұтып, олардың жетістіктерін көпшілікке насихаттау тұрғысынан айрықша мәнге ие. Елімізде адам капиталын дамыту, кадр әлеуетін арттыру және жас буынның бойына іскерлік пен жауапкершілік сияқты дұрыс құндылықтарды сіңіру бағытында да аталған жобалардың берері мол. Мұның бәрі Мемлекет басшысы ұсынған «Адал азамат – Адал еңбек – Адал табыс» қағидатын іске асыру жолындағы маңызды қадам екені анық.

Біздің еліміздегі Еңбек күні Қазақстан Президентінің Жарлығымен 2013 жылдың қараша айында бекітілгенін айттық.  Бұл күнді атап өтудің мақсаты - барлық мамандықтарға деген құрмет көрсету және кез-келген еңбектің маңыздылығын атап өту. Іс-шаралар аясында еңбек ардагерлеріне "Еңбек ардагері" медальдары табыс етіледі. Бұл медальмен еңбек жолында жоғары жетістіктерге қол жеткізген, түрлі салалардың алдыңғы қатарлы жұмысшылары марапатталады.

Еңбек күнін тау-кен металургия кешені, теміржол көлігі, көмір өнеркәсібі, мұнай-газ кешені, машина жасау, білім, денсаулық сақтау, химия өнеркәсібі, ауыл шаруашылығы, құрылыс және ТКШ, энергетика, банк мекемелерінің жұмысшылары атап өтеді.

Ел дамуы үшін әрбір азамат еңбек етуі керек. Еңбек мұраты мен құндылықтары қоғамдық санада орнығуы, еңбек адамы жалпыға бірдей құрметке ие болуы қоғамдағы қажетті факторлар.

Қалай тойланады?

Осы жылдар ішінде елімізде, еңбек ұжымдарында, жалпы еңбек адамдарына құрмет көрсету дәстүрі қалыптасты: «Еңбек жолы» байқауы жыл сайын өткізіледі. Оған еңбек әулеттері қатысады. Кәсіпорындарда үздік жас жұмысшы, үздік тәлімгер атағын алу үшін байқаулар өткізіледі. Жеңімпаздар ақшалай сертификаттармен және сыйлықтармен марапатталады. Әрбір кәсіпорында үздік қызметкерлер ұжым жиналыстарында атап өтіледі. Елді мекендерде Еңбек күні мерекесіне арналған митингілер, концерттер, спорттық жарыстар дәстүрге айналған. Мұндай мерекелік шаралар жұмысшы мамандықтарының мәртебесін, еңбек адамының беделін көтерері анық

Еңбек күнінің мәні неде?

Мереке еңбек әлеміндегі дәстүрлер мен заманауи проблемаларды еске түсіруге арналған: жалпыға ортақ еңбектің экономика мен жалпы қоғамның дамуы, елдің гүлденуі үшін рөлі; жұмысшы мамандықтарына құрметпен қарауды жаңғырту; жастардың еңбекке деген құрметін қалыптастыру; еңбек мәдениетін дамытудың маңыздылығы. Әрине, бір мереке күнінде мұндай мәселелер шешілмейді. Бұл қажеттіліктер мемлекеттік саясаттың негізгі бағыттарының біріне айналды. Ол келесі негізгі құжаттарға негізделеді:

  1. 2015 жылы қарашада қабылданған ҚР Еңбек кодексі. Оның мақсаты – еңбек саласындағы қатынастарды құқықтық реттеу, осы қатынастардың барлық қатысушыларының құқықтары мен мүдделерін қорғау. Олар еңбек бостандығы, еңбек саласындағы адам құқықтарын шектеуге жол бермеу қағидаттарына негізделген. Жұмыс істейтін адамның өмірі мен денсаулығы, қауіпсіз еңбек жағдайларына құқығын қамтамасыз ету мәселелері басым бағыттар болып табылады.
  2. 2022-2026 жылдарға арналған «Еңбек 2.0» ұлттық жобасы. Ол еңбек нарығының қажеттіліктерін ескере отырып, кадрларды даярлауға, жұмысшыларды, оның ішінде жұмысынан айырылғандарды кәсіптік оқытуға көмек көрсетеді.

Қазақстанда жұмыссыздық жағдайы басқа посткеңестік елдермен салыстырғанда біршама қолайлы. Сарапшы мамандар еліміздегі жұмыссыздық деңгейі тұрақтанғанымен, жастардың айтарлықтай бөлігі үшін жұмысқа орналасу проблемалық күйінде қалып отырғанын айтады.

Еңбегіне қарай құрметі

 «Мемлекеттік наградалар туралы» заңның 1-бабына сәйкес, Қазақстан Республикасының азаматтары жемісті мемлекеттік, қоғамдық, шығармашылық қызметі, еңбектегі және жауынгерлік ерліктері үшін, сондай-ақ олардың республикаға сіңірген еңбегінің танылуы ретінде мемлекеттік наградалармен марапатталады. Заңда орден түріндегі наградалар, медальдар, құрметті атақтар, құрмет грамоталары және жоғары дәрежелі айырым белгілері көзделген.

Мысалы, азаматтар экономикадағы, әлеуметтік саладағы, ғылымдағы, мәдениеттегі және мемлекеттік қызметтегі еңбек жетістіктері үшін «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталады. Мемлекеттік және қоғамдық қызметтегі, экономиканы, әлеуметтік саланы, ғылым мен мәдениетті дамытудағы, мемлекеттік, құқық қорғау және әскери қызметтегі, демократия мен әлеуметтік прогресті дамытудағы ерекше еңбегі үшін азаматтар «Отан» орденімен марапатталады.

Ал еңбек адамының беделін арттыру мақсатында «Еңбек ардагері» медалі мен «Қазақстанның Еңбек Ері» жоғары ерекшелік белгісі бекітілген. «Еңбек Ері» - Қазақстан Республикасын экономикалық, әлеуметтік-гуманитарлық дамытудағы аса үздік жетістіктері үшін беріледі. Ал «Еңбек ардагері» медалімен зейнет жасына толған (салаға байланысты емес), жалпы жұмыс өтілі 40 жылдан асатын, оның ішінде бір салада кемінде 10 жыл жұмыс өтілі бар, сондай-ақ еңбек қызметінде жоғары нәтижелерге қол жеткізген қызметкерлер марапатталады.

Сонымен бірге, мемлекеттік органдардың басқа да ведомстволық наградалары – медальдар мен төсбелгілер көзделген. Денсаулық сақтау саласында «Денсаулық сақтау ісінің үздігі» төсбелгісімен Денсаулық сақтау жүйесінің қызметкерлері, сондай-ақ халықтың денсаулығын қорғау ісіне ерекше үлес қосқан өзге де адамдар марапатталады.

Мұнай-газ саласында мұнай-газ өндірісінің тиімділігін, шығарылатын өнімнің сапасы мен бәсекеге қабілеттілігін арттыруға, оны әлемдік нарықта дамытуға және өнімнің жаңа түрлерін жасауға үлкен үлес қосқан жоғары кәсіби қызметкерлер «Мұнай-газ кешенін дамытуға қосқан үлесі үшін» медалімен марапатталады.

Жаңа награда пайда бола ма?

Еңбек министрлігінің хабарлауынша, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Жұмысшы мамандықтар жылы» аясында жұмысшы кәсіптері мен түрлі сала мамандарының беделін дәйекті түрде арттыруды тапсырған.

Жолдауда мемлекеттік наградалар жүйесіне инженерлер, геологтар, кен орындарын әзірлеушілер, көлік, аграрлық және су салаларының қызметкерлері, сондай-ақ ғалымдар мен өнертапқыштар үшін құрметті атақтар енгізу жөнінде жазылған.

«Мемлекет Басшысының тапсырмасын орындау үшін тиісті салалық мемлекеттік органдар жоғарыда аталған кәсіптер бойынша жаңа құрметті атақтар енгізу жөнінде ұсыныстар қалыптастырып, енгізеді. Сонымен қатар, Жолдауды іске асыру үшін жыл сайын жалпыұлттық іс-шаралар жоспары қалыптастырылады. Жоспар және тиісті бекітулер бекітілген соң, мемлекеттік органдар тиісті жұмыстарды жүргізеді», - деп түсіндірді министрлік.

Статистика сөйлейді

2024 жылғы 2 тоқсандағы жұмыспен қамту деңгейі 15 жастан үлкен жастағы халық санына шаққанда 64,9%, жұмыс күшінің санына шаққанда – 95,3% құрады. Жұмыссыздық деңгейі (Халықаралық еңбек ұйымының әдістемесі бойынша) 4,7% құрады. Жұмыссыздар саны (ХЕҰ әдістемесі бойынша) 451 мың адамды құрады. Жұмыс істемейтін және білім алумен немесе оқыумен айналыспайтын NEET жастарының үлесі 6,5%-ды құрады.

2024 жылдың маусым айының соңында Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің (бұдан әрі – ҚР ЕХӘҚМ) деректері бойынша халықты жұмыспен қамту органдарына жұмыс іздеп жүрген адам ретінде 67,1 мың адам жүгінген. Жұмыспен қамту бойынша барлығы 41 мың іс-шаралар көрсетілді, 7,2 мың адам кәсіптік оқытуға немесе қайта даярлауға, біліктілігін арттыруға жіберілді, 7,3 мың адам қоғамдық жұмыстарға қатысты

2024 жылғы II тоқсанда Қазақстан Республикасы бойынша айлық жалақының орташа мәні 2023 жылғы тиісті тоқсанға қарағанда 10,3%-ға өсіп, 403251 теңгені құрады.

Қазақстан Республикасындағы жалақының медианалық мәні бағалау бойынша 2024 жылдың II тоқсанында 278296 теңгені құрады. 2024 жылғы 1 қаңтардан бастап ең төменгі жалақы 85000 теңге мөлшерінде белгіленді.

Ұлттық статистика бюросының деректеріне сәйкес, Қазақстанда 2024 жылы ауыл шаруашылығынан бастап жоғары технологияларға дейінгі салаларда 9,2 миллион адам жұмыс істейді. Оның ішінде 7 миллион адам жалдауда (экономикадағы жұмыспен қамтылғандардың жалпы санының 76,2 пайызы), 2,2 миллион адам өзін-өзі жұмыспен қамтыған. 2023 жылдың 1-тоқсанымен салыстырғанда біздің елімізде жалпы жұмыспен қамту 134,6 мың адамға өсті. Жұмыспен қамтылғандардың ең көп үлесі сауда (16,8 пайыз), білім беру (13,1 пайыз), өнеркәсіп (12,3 пайыз) және ауыл шаруашылығы (11,1 пайыз) салаларында байқалады. Сонымен қатар, жұмыссыздық деңгейі өткен жылмен салыстырғанда 0,1 пайызға төмендеп, 4,7 пайызды құрады.

Елде жұмысшы мамандықтары қалай жіктеледі

ҚР Еңбек кодексінің 101-бабының 8-тармағына сәйкес, жұмыскерлерге қойылатын біліктілік талаптары мен белгілі бір жұмыс түрлерінің күрделілігі кәсіптік стандарттар негізінде белгіленеді. Егер кәсіптік стандарттар болмаса, бұл талаптар Жұмыстар мен жұмысшы кәсіптерінің бірыңғай тарифтік-біліктілік анықтамалығы (БТБА) бойынша анықталады. Биыл экономикалық қызмет түрлері бойынша БТБА-ның 68 анықтамалығы қолданыста болды.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің бұйрығымен бекітілген жұмысшылардың кәсіптері білікті және білікті емес санаттарға бөлінеді. Білікті санатқа БТБА-ға сәйкес кәсіптік даярлауды және арнайы білімді талап ететін жұмысшылар жатады. Білікті емес жұмысшылар қол құралдарымен және белгілі бір күш жұмсаумен байланысты қарапайым механикалық жұмыстарды орындайды. Аталған кәсіп санатының көпшілігі үшін жалпы немесе жалпы орта білімінің болуы және жұмыс орнында үйрену тән.

Жұмысшы кәсіптерінің тарифтік-біліктілік сипаттамалары еңбек бөлінісіне, техникаға, технологияға қол жеткізу деңгейіне және еңбек пен өндірісті ұйымдастыруға байланысты 8 разрядты тарифтік кестеге сәйкес әзірленді. Экономикалық қызмет түрлері бойынша жұмыстардың негізгі көлемі бірінші 6 разрядқа жатқызылған, ал 7 және 8 разрядтар жоғары күрделі жұмыстарға арналған. Жұмыс разрядтары еңбек жағдайларын ескерусіз, олардың күрделілігі бойынша белгіленеді. Қажет болған жағдайда еңбек жағдайлары (ауырлығы, зияндылығы, қауіптілігі) ҚР Еңбек кодексінің 105-бабына сәйкес жоғары лауазымдық жалақыларды немесе қосымша ақы белгілеу жолымен ескеріледі.

Еңбекақы өспей ме, көкейімізді теспей ме?

Мемлекет басшысы Қазақстан халқына кезекті жолдауында 2025 жылды «Жұмысшы мамандықтары жылы» деп жариялауды және олардың мәртебесін көтеруді ұсынды және ең алдымен, су, энергетика, құрылыс және басқа да салаларда қатты байқалып отырған кадр тапшылығын жою қажеттігін атап өтті. Алайда еңбек заңнамасына сәйкес Еңбек министрлігі мемлекеттік бюджет қаражаты есебінен ұсталатын ұйымдары қызметкерлерінің еңбекақысын реттейді, - деп жазылған салалық министрліктің ресми жауабында.

Президент тапсырмасына сәйкес, 2022 жылдан бастап бюджет саласы қызметкерлерінің жекелеген санаттарының, оның ішінде жұмысшы мамандықтардың жалақысы жылына орта есеппен 20%-ға кезең-кезеңімен көтерілуде. Нәтижесінде 2025 жылға қарай олардың жалақысы 2 есеге артады.

Өз кезегінде жеке меншік нысанындағы ұйымдардағы қызметкерлер жалақысының мөлшері еңбек, ұжымдық шарттармен белгіленеді және ол жұмыскердің біліміне, орындалатын жұмыстың күрделілігі мен сапасына қарай белгіленеді.

Мамандарға тапшылық бар ма?

Орта мерзімді болжамға сәйкес, жұмысшы мамандары бойынша кадрларға қажеттілік 2030 жылға қарай 410,6 мың адамға жетеді (биыл – 52,7 мың адамға тапшылық бар).

Олардың ішінде ең көп сұранысқа ие мамандықтар – автомобильдердің, жүк автомобильдерінің жүргізушілері, такси жүргізушілері – 88,1 мың адамды, дәнекерлеушілер – 18 мың адам, құрылысшы-монтажшылар, құрылысшы-әрлеушілер, суретшілер – 13,4 мың адам, сантехниктер – 13,2 мың адам, фермерлер мен аралас өнімдерді өндіру бойынша жұмысшылар – 12,4 мың адам, сылақшылар – 11,2 мың адам, тракторшылар – 11 мың адам, өнеркәсіптік жабдықтардың слесарлары – 8,2 мың адам және басқалары бар.

Сонымен қатар, Электронды еңбек биржасы порталында жұмысшы мамандарына жұмыс берушілерден 15 722 бос жұмыс орындары жарияланған, ондағы жалақы мөлшері 85 мың теңгеден 500 мың теңгеге дейін жетеді.

2025 жылы «Жұмысшы мамандықтары жылы» қалай өтеді?

ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі жыл сайын үздік еңбек әулеттері мен өндіріс қызметкерлерін анықтауға бағытталған «Еңбек жолы» конкурсын өткізеді. Конкурс жұмысшы мамандықтарын дәріптеу, қоғамдағы еңбек адамының мәртебесін арттыру, еңбек адамдары туралы оң қоғамдық пікір қалыптастыру және жас ұрпаққа еңбекке құрметпен қарауға тәрбиелеуді көздейді.

Байқау өңірлік және республикалық деңгейлерде екі кезеңде өткізіледі және «Үздік еңбек әулеті», «Өндірістің үздік жас қызметкері» және «Жұмыс істейтін жастардың үздік тәлімгері» номинацияларын қамтиды. Жеңімпаздар салтанатты түрде ақшалай сертификаттармен және бағалы сыйлықтармен марапатталады. Бұл алаңда дәстүрлі түрде «Еңбек ардагері» медалінің иегерлеріне құрмет көрсетіледі.

Бұдан басқа, қыркүйектің әр соңғы жексенбісінде атап өтілетін Еңбек күнін мерекелеу шеңберінде жыл сайын іс-шаралар жоспары бекітіледі:

- «Еңбек жолы» конкурсының жеңімпаздарын, еңбек ардагерлерін, өндіріс озаттарын және «Еңбек ардагері» медалімен, республикалық және өңірлік деңгейлерде марапаттау рәсімдері өтеді;

- барлық санаттағы азаматтарға, оның ішінде мүгедектігі бар адамдарға, жұмыссыз жастарға жұмысқа орналасуға жәрдемдесу бойынша бос орындар жәрмеңкелері, Ашық есік күндері өтеді;

- мәдени-бұқаралық іс-шаралар, оның ішінде спорт фестивальдері ұйымдастырылады;

- еліміздің оқу орындарында дәрістер, сынып сағаттары, студенттік пікірталастар өткізіледі.

Әлем елдеріндегі Еңбек күнінің тарихы

Еңбек күнін мерекелеу дәстүрі әлемдік тренд, әлемнің 100-ден астам елі бұл күнді айрықша атап өтеді. Ал бірқатар мемлекеттерде ол мемлекеттік мәртебеге ие. Әлем елдерінде Еңбек күні бірінші мамыр күні аталып өтіледі. Атаулы мерекенің тарихына үңілетін болсақ, келесідегідей тарихи деректердің куәсі боламыз: Австралиялық жұмысшылар 1856 жылы 8 сағаттық жұмыс күні орнасын деген талаппен наразылық шеруіне шыққан көрінеді. 30 жылдан кейін мұндай талапты Канада және Америка елдерінің жұмыскерлері де қойған. Үш жыл өткен соң, Интернационалдың ІІ Конгресі Бірінші мамырды - Әлем елдері жұмыскерлерінің халықаралық ынтымақтастығы күні деп белгіледі. Кеңестер еліне келер болсақ, Ресейде 1917 жылы Интернационал күні атап өтілді және КСРО елдерінде ол 1 мамыр күні аталып өтілді. 1995 жылға дейін Қазақстанда да бұл күн Жұмыскерлердің ынтымақтастығы күні ретінде мерекеленді. Тек, Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейінгі төрт жылдан соң ғана 1 мамыр - Қазақстан халықтарының бірлігі күні ретінде белгіленді.

Britannica энциклопедиясының редакторы Адам Августиннің мақаласында мынадай мәліметтер ұсынылған: Чикагода болған Хеймаркет толқуына сәйкес 1889 жылы 1 мамыр "Жұмысшыларды қолдау күні" деп жарияланды. Ал бес жылдан кейін АҚШ президенті Гровер Кливленд жұмысшылар күнінің социалистік сипатына алаңдаушылық танытып, кей штаттарда қыркүйектің бірінші дүйсенбісінде өтіп жүрген "Еңбек күнін" ресми мереке ретінде бекітті. Бұл мерекені атап өтуге көп ұзамай Канада да қосылды. Ортағасырлық Еуропада 1 мамыр көктемнің оралуын тойлауға арналған мереке ретінде белгілі болды. Бұл мейрам ежелгі ауылшаруашылық ғұрыптарды жүзеге асырудан туындаса керек. Гректер мен римдіктер осыған ұқсас фестивальдар ұйымдастырды. Қазіргі Еуропада ескі әдет-ғұрыптар өзгергенімен, мейрам күні дала гүлдерін жинау, гүлдестелер тоқу секілді үрдістер әлі күнге дейін бар. 1 мамыр күнін тойлау Кеңес Одағының құрамындағы елдер үшін еңбек адамдарының мәртебесін асқақтататын маңызды мерекеге айналды. Алаңдарда 1 мамырға арналған шерулер дәстүрлі түрде ұйымдастырылды. Германияда 1933 жылы нацистік партия бой көтергеннен кейін "Еңбек күні" ресми мерекеге айналды. Бір қызығы, Германияда 1 мамыр заңды түрде бекітілгеннен кейінгі күні-ақ еркін кәсіподақтардың жұмысы тоқтап, неміс жұмысшы қозғалысы іс жүзінде жойылды. Кеңес Одағы ыдыраған соң және ХХ ғасырдың аяғында Шығыс Еуропадағы коммунистік үкімет құлағаннан кейін бұл елдерде 1 мамырды кең көлемде атап өту маңызын жоғалтты. Дегенмен дүние жүзінің көптеген елінде 1 мамыр мемлекеттік мереке ретінде қалыптасып үлгерді. Австралиядағы 1 мамыр Австралиялық мейірбике ісі және акушерия федерациясының сайтында жарияланған "May Day in Australia" атты мақалада жұмысшылардың ауыр әрі ұзақ жұмыс күніне наразылығының нәтижесінде 1 мамырдың мемлекеттік мерекеге айналғаны жазылған. Австралиядағы "Еңбек күнінің" бір ғасырдан астам тарихы бар. Бұл күні халық еңбектің әділ бағалануы үшін күрескен жандарды еске алады. Өйткені 1800 жылдары жұмыс күні тым ұзақ әрі ауыр болатын, кейбір қара жұмысшылар аптасына алты күн, тәулігіне 12 сағатқа дейін жұмыс істеді. 1856 жылы 21 сәуірде Мельбурн университетінің тас қалаушылары сегіз сағаттық жұмыс күнін енгізуді талап етіп, парламент ғимаратына қарай шеруге шықты. Ақырында жұмыс берушілер тарапынан 48 сағаттық жұмыс аптасы мен сегіз сағаттық жұмыс күнін бекітуге келісім берілді.

Еңбек күні қай елдерде аталып өтеді?

Әлемнің 160-тан астам елінде 1 мамыр "Еңбек күні" ретінде аталып өтеді және бұл күн демалыс болып есептеледі. timeanddate.com сайтында жарияланған "Labor Day. May Day" деп аталатын мақалада 1 мамыр мерекесі туралы қызықты ақпараттар берілген. Ұлыбританиядағы "Белтейн алауы" Бұл елде 2000 жылдан астам тарихы бар 1 мамыр күні Біріккен Корольдіктің қалалары мен елді мекендерінде әлі де жалғасын тауып келеді. Ежелгі кельттер көктемдегі Белтейн кезеңін от жағу немесе "Белтейн алауын" жағу арқылы қарсы алатын. Оның жоралғылары, соның ішінде мамыр патшайымының тәж кию жорасы және мамыр ағашының айналасында билеу дәстүрі бүгінгі күнге дейін сақталған. Ұлыбританиядағы 1 мамыр мерекесі 1978 жылы кәсіподақтар ықпалымен бекітілді. Алайда бұл мейрам кәсіпке шығын келтірмеу үшін мамырдың алғашқы дүйсенбісінде аталып өтетін болды.

Швецияда Халықаралық жұмысшылардың ынтымақтастық күнін мерекелеуге қосылуының өз тарихы бар. 1908 жылдан бастап шведтер Ақ ромашка күнін атап өтеді. Дәстүр бойынша, бұл күні туберкулезбен ауыратын науқастарға ақша жинайды. Ромашканы табиғи антибиотиктің символы ретінде ерлер шляпаларына тақса, ал әйелдер көйлектеріне қадап қоятын болған. Гүл сатудан түскен ақша жұмысшыларды қауіпті аурудан емдеуге жұмсалады.

Финляндияда 30 сәуірден 1 мамырға қараған түні студенттер мерекесі – Ваппаны тойлайды. «Халықаралық еңбекшілер күні» әрі білім алушылар үшін оқу жылының аяқталуымен тұспа-тұс келеді. Жастар оқу жылының аяқталуын және емтихандардың сәтті өтуін атап өтеді. Мереке символы ретінде студенттік ақ фуражка пайдаланылады. Қарапайым болу үшін финдер барлық дәстүрді бір күнге біріктіріп, әсем киініп, сима (жеміс ішімдігі) ішіп, мункки (хош иістендірілген тоқаш) және типпалейпя (шұңғы тәрізді торт) жейді. Осылайша ерекше мерекелік кеш ұйымдастырады.

Ал американдықтар қыркүйектің бірінші дүйсенбісінде Еңбек күні (Labor Day) мерекесін тойлайды екен. Оларда американдық жұмысшылар мен олардың экономикаға қосқан үлесін құрметтейтін ұлттық мереке болып саналды екен. Көптеген американдықтар осы күні жаздың аяқталуын және олар мерекенің 19 ғасырдың аяғындағы жұмысшы қозғалысының тарихынан бастау алғанды білгендігі жайлы таң қалыстарын атап өтеді екен.  19 ғасырда өнеркәсіптік революция өзінің шарықтау шегіне жетіп, көптеген америкалықтар тәулігіне 12 сағат, аптасына жеті күн ауыр жағдайда төмен жалақы үшін жұмыс істеуге мәжбүр болған. Тіпті кішкентай балалар да зауыттарда жұмыс істеген. Бірде-бір жұмыс беруші өз қызметкерлеріне сырқаттану жайлы парағын, ақылы еңбек демалысын немесе медициналық жәрдемақы бермеген. Жұмысшылар кәсіподақ құра бастағанда, олар ауыр және қауіпті еңбек жағдайларына наразылық білдіріп, жұмыс берушілерден едәуір жеңілдіктер талап ете бастайды. Еңбек адамдарының құрметіне арнайы мереке жасау қозғалысы Штаттық деңгейде басталып, олар бірінен соң бірі қарапайым еңбекшілерді құрметтейтін заңдар қабылдай бастайды. 1894 жылы 28-маусымда АҚШ Конгресі қыркүйек айының бірінші дүйсенбісі ретінде Еңбек күнін таңдап, федералды мерекені енгізеді.

19 ғасырда басталған жұмысшы қозғалысы американдықтардың еңбек жағдайларында және олар алатын жеңілдіктерде айтарлықтай өзгерістерге әкеледі. Сегіз сағаттық жұмыс күні, бес күндік жұмыс аптасы, медициналық сақтандыру және ақылы демалыс әдеттегідей болады. Сөйтіп олар жаздың соңғы аптасындағы сенбі, жексенбі мен мерекелік дүйсенбіні қатарынан көтеріңкі  көңіл-күймен (саябақтар мен жағажайларға барып, кейбірі өз аулаларында отбасымен, достарымен бірге пикник жасап) тамашалайды екен.

Италияда бұл күні демонстрациялар мен саяси митингтер өтеді. Ертеректе табиғатқа арналған мерекелер осы күні ұйымдастырылған. Адамдар гүлдер құдайы Флораға және құнарлылық құдайы Майяға табынған. Ағаштарды ленталармен және гүлдермен безендіру дәстүрі болған.

Көптеген елдегідей испандықтар да мереке күндері жұмысшылардың құқығын қорғау үшін көшеге шығады. Келесі күні, яғни 2 мамырда Мадрид күні аталып өтеді. Бұл дата 1808-1814 жылдардағы соғыс оқиғаларымен байланысты.

Француздар 1 мамырда екі мерекені атап өтеді, олар: Еңбек күні және Лалагүл күні. Бірінші мамырдың басты символына айналған ақ гүл шоқтарын жақын адамдарына сыйлайды. Мұндай сыйлық бақыт әкеледі деп саналады. Сондықтан француздар пикет ұйымдастыруға асықпайды, гүл сататын дүкендерге барады.

Канадада бұл елдің азаматтары ресми демалыс күнін демалу және көңіл көтеру үшін пайдаланады. Мемлекеттік еңбек күнімен қоса канадалықтар Гофер күнін атап өтеді. Бұл – этникалық мереке. Бұл датаны бірінші болып бірнеше ғасыр бұрын Саскачеван үнділері атап өткен.

Қытайда Еңбек күнінде (бірінші мамыр) саяси көшбасшылар халыққа үндеу жасап, зауыттар мен фабрикаларда үздік жұмысшыларды марапаттайды. Күн мерекелік концерттермен аяқталады.

Оңтүстік Кореяның тұрғындары 1 мамырда Будданың туған күнін атап өтеді. Ресейде жұмысшылар шеру өткізіп жатқанда, олар осы мерекені тойлайды. Алғашында бұл мереке тек діни сипатта болса, жылдар өткен сайын ол әлдеқайда зайырлы сипатқа ие болды және Оңтүстік Кореяның қалаларында олар әрдайым ұлы ұстаздың құрметіне ән-бимен мерекелік шерулерге қатысады.

Сонымен қатар Бразилия, Иран, Индия, Пакистан, Мексика, Түркия, Сирия, Перудан жұмысшы және еңбекшілерге арналған Еңбек күні мерекесін 1-мамыр ресми түрде атап өтіп, оларда демалыс болып табылады екен.

Түйін:  Қай қоғамда болмасын еңбек адамының рөлі қашанда зор. Азаматтардың еңбегі елдің даму деңгейін айқындап, әрбір отбасының амандығын, тұлғаның дамуын қамтамасыз ететін шешуші фактор болып саналады. Ендеше екі қолына бір күрек ұстап, маңдай терімен еңбек майданында жүрген әрбір азаматтың еңбегі өнімді болсын дейміз!

Наурызбек Сарша
Бөлісу: