Ең ауыр дүние балалар мен әйелдерге жасалатын зомбылық - заңгер

13 Қараша, 13:42 504

Заңгер, гендерлік зорлық-зомбылықпен күресіп жүрген қоғам белсендісі әрі «One-Stop-Service» «Бір қадам» пилоттық жобасының үйлестірушісі Ләззат Рақышевадан құқықтық сауатты арттыру, зорлық-зомбылыққа қатысты қылмыстарды әшкерелеу мен елден келетін жантүршігерлік хаттар жайлы әңгімелестік, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Ләззат Рақышева Абай облысында дүниеге келген. Жолдасы екеуінің 4 баласы мен немерелері бар. Қазір Алматыда тұрады.

Өзімнің үш жоғарғы білімім бар. Біріншісі қаржыгер, екіншісі заңгерлік болса, қазір психология бойынша білім алып жатырмын. Осыдан 8 жыл бұрын заңгер мамандығына оқуға түстім. Ал 7 жыл бұрын «Ләззат, тағдырым бергенімді қабылдаймын» кітабы шықты. Онда менің балалық шағым, зорлық-зомбылық көргенімді баяндаған едім. Ол кітап жарыққа шыққанда еліміздегі әйел мен балалардың зорлық-зомбылығына қатысты істерде құқық қорғаймын деп шештім. Себебі ең ауыр дүние балалар мен әйелдерге жасалатын тұрмыстық, жыныстық зомбылық. Елімізде осы санаттағы адамдарға жасалатын зорлықтың түрі шектен шықанына көзім жетті, - дейді Рақышева.

Заңгер жеті жылдан астам уақыт бойы құқық қорғаушы қызметін атқарып келеді.

Қанша зорланған бала мен әйелге құқықтық көмек көрсетіп келемін. Қазіргі таңда республикалық пилоттық жобаның үйлестірушісі мен заңгерімін. «Адам құқықтары» деген қоғамдық қордың басшысымын. Еліміздегі азаматтардың құқықтық сауаттлығына қатысты соңғы жеті жылдағы көзқарасым, қоғам жыл сайын дамып келеді. Өзгеріс бар. Адамдар ашық айтып, қорықпайтын болды. Жазып, кеңес алатын болды. Соңғы 2 жылда жақсы өзгеріс болып жатыр. Бірақ қазақи ұяңдық, «ұят болады», «ертең не болады» дейтін адамдар әлі де көп. Баласы зорланса да, үндемей отыратындар бар. Мысалы маған келген хаттардың ішіннен қайнымның 15 жастағы баласы 7 жасар балама азғындық жасады дейді. «Күйеуіме айтсам, туған ағамның баласымен қалай ұрсысам, қалай соттасам» деп айтады. Міне, осындай сұрақтар өте көп, - дейді Рақышева.

Ол өзіне келетін халықтың мұң-мұқтажы бар, жанайқайы бар хаттарда айтылатын мәселелерді көтерді.

Мысалы, күні кеше 10-сынып оқушысы туыстарына мені өгей әкем зорлап жүр деп айтқан. Жеңешесі хабар беріп, еркекті қаматады. Бірақ ол маған ертең түрмеден шыққан соң тиіспей ме, балаларымды өлтіріп кетпей ме? деп сұрайды. Заң жүзінде «оны қаматқаныңыз дұрыс, борышыңызды  жасадыңыз» деп айттым. Бірақ сонда да ертең «менің баламды соттатқан осы, ұят тірлік жасады» деген сөздерден қорқып отырады. Менің ылғи айтатаным, шалғай орналасқан ауылдарда тегін құқықтық курсын өткізу керек. Оған зәбір көрген бала, әйелдер келіп көмек алуы керек. Әкімдіктің ұйымдастыруы арқылы орталықтар тегін ақпарат бергені абзал. Бізде ата-ана тәрбиесінде баламен ашық сөйлесу жетіспейді. Іш-киім ережесі мен жыныстық сауаттлығын арттырып, ұл мен қызға қатысты ерекшеліктерді айтып тұру керек, - дейді заңгер.

Ол адамдардың хаты көп келгендіктен, оған психологиялық көмек қажет екенін айтты. Сондықтан да үшінші бағыт ретінде психоанализді таңдаған екен.

Психоанализ бағытында білім алғанымда білгенім, Зигмунд Фрейдтің зерттеуі бар, онда 3 жастан 5 жасқа дейінгі аралықта бала өзінің жыныстық ерекшелігін білуі керек делінген. Ана қыз баласына, еркек ұл балаға ерекшеліктерін түсіндіруі керек. Бізде ондай ашық әңгімелер айтылмайды. 6 жастан 12 жасқа дейін бала ортада өзін ұстауды үйренеді. Ата-ана баласына досындай бола алауы маңызды. Ол басқа бағытқа кетпес үшін ашық әңгіме керек, - дейді ол.

Заңгер атағандай, балалар арасындағы ерте жүктілік пен жыныстық қарым-қатынас та ашық сөйлесу мен түсіндірудің жоқтығынан.

Балалар арасындағы ерте жыныстық қатынас, ерте жүктіліктің болуы да ата-аналардың ашық сөйлеспеуінен болып жатады. 12-15 жас аралығында бала жыныстық сауаттылықты меңгеруі керек. Ол бала сол кезде ешкімге алданбайды. Педофилдің құрбаны болғандар 3 жастан басталып жатады. Сондықтан іш-киім тәртібін түсіндірген жөн. Көп жағдайда зорлық-зомбылық көрген әйелдердің 5-6 баласы болады. Олар теперіш көрген соң өмірге де бақытсыз бала алып келеді. Ол екіқабат кезде психологиялық жағдайы нашар болған соң, өмірге де сондай бала келеді. Сол үшін тұрмыстамын деген мәртебе үшін ғана отырған әйелдер үйіне қайтып бару үшін қорқыпауы керек. Ол үшін үйге қайтып келген әйел жаман деген таптаурыннан арылу керек. Өңірлерде тек әйелдермен жұмыс істейтін орталық қана емес, еркектермен де жұмыс істейтін орталықтарды ашу керек. Ол неге абьюз болды, адам оған қалай келеді деген себеппен жұмыс істеу керек, - дейді ол.

Ләззат Рақышеваның айтуынша, олардың орталығына келіп жатқан өтініштер арасында ең бірінші сатыда тұрмыстық зорлық-зомбылық тұрады.

6 айда 669 адам қабылдасақ, соның 150 адамы -тұрмыстық зорлық-зомбылықтың құрбаны. Бұл тек бір орталықтағы көрсеткіш қана. Ал қаншама үндемей қалған, бұғып қалған әйелдер бар. Үйдегі бала әкесінен көргенді қайталайды. Әкесінің анасын ұрып жатқанын көріп өскен баланың  психикасы нашарлайды, не тура сол әрекетті өзі қайталайды. Содан әйелін, анасын сыйламау, зорлау осыдан басталады. Жеті жылда тағы байқағаным ды айтсам, құқық қорғаушы ретінде бұрынғы және қазіргі уақытты сараптадым. Қазір  заң өзгерді. Тұрмыстық зорлық-зомбылық қылмыстық санатқа жатады. Педофилдер өмір бойына бас бостандығынан айырылады. Мұның барлығы өте жақсы. Бірақ зорлық-зомбылықтың алдын алу жұмыстарын жасау керек. Оны жасамасақ, адам өзгермейді. Мектептегі жағдай үшін де психологтар мен мұғалімдер жауапкершілік алғысы келмейді. Екіқабат болу, зорлану деген сияқты жағдай болса, соны жасыруға тырысады. Ол әшкереленсе, айғай-шумен жұмысынан айырылып жатады. Бұл дұрыс емес, бір жағдай болса, бірден құзырлы органдарға айтуы керек. Әрі қарай жұмысын жалғастыру керек, - дейді заңгер.

Ол хаттарда түрлі жағдайды бастан өткерген құрбандардың оқиғасы болатынын жеткізді.  

Маған келген хаттарды оқыған соң, оның әсері жанымда жара болып қалмас үшін, жүрегімді тыныштандыру үшін психоанализді оқыдым.  Аноним хат жібергендердің көбі менімен ғана жұмыс істегісі келеді. Себебі оларға анасына, туысына айту өте қиын. Хаттар түні бойы ағылады. «Суицид жасағым келеді» дейді. Олармен әңгімелесіп, кеңесімді айту арқылы талай адамды өлімнен арашалап та қалдым. Психоанализ бағытына барған себебім, осы адамдарға көмек көрсету. Кішкентай бала зорланып өлді деген жаңалықтарды өте ауыр қабылдаймын. Түркістан облысында кішкентай бала зорланып өлді дегенді естігенде бір апта депрессияда болдым. Жүрегіме ауыр болды. Педофилдерді неге тоқтатпаймыз деген ашу-ыза болды. Сондай кездері көңіліме алатрын жағдайлар болады. Бұшл жерде маған психология жәрдемдеседі, - дейді Рақышева.  

Ол қоғамда көп жағдайда агрессорлар емес,  зорлық-зомбвылықтың құрбаны, жәбірленушілерді сөгетінін айтты.

Мәселен, кеше түнде ұл бала маған хат жазды. 15 жасында әлеуметтік желіде бір ұлмен онлайн дос болады. Бұл баланың өзі спортшы екен. Онлайн досымен келіспей қалып, мәселені шешуге кездеспекші болады. Ол бала өзіме сенімді едім дейді. Барса, екінші жігіт бір топ адаммен  келген. Жекпе-жекте ол баланы жығып тастайды, сол кезде барлық досы жабылып кеткен екен. Кейін оны балалар байлап, зорлап кеткен. Осы оқиғаға 7 жыл өтсе де, әлі ұмыта алмай келеді екен. Суицид жасағысы келетінін айтты. Қыздармен де жүре алмадым дейді. Бір үйдің жалғыз баласы. Қыздардың зорланғанна өздері кінәлі деп жатады, ал бұл баланың қандай кінәсі бар? Егер де оны бастамасам, ештеңе болмайтын еді деп өзін кінәлап отыр, - дейді Ләззат Рақышева.

Рақышева осыдан 1 жыл бұрын бір еркектің сотталғанын есіне алды. Ол туған баласына азғындық жасаған.

Өзінің 8 жастағы қызына азғындық жасап жатқанда әйелі үстінен түседі. Үш ұл, бір қызы бар. Әйелі полицияға арызданып, ер адам 20 жылға сотталды. Ал ер адам біреудің жалғыз ұлы. Әкесі үйден әйелі мен балаларды қуып шығып, үйді ұлының атына жазып береді. Кейін өзі қуып жіберген немерелерін көруге соттан рұқсат сұрайды. Балалар оның үйіне барғанда балаларға «сенің шешең оңбаған, сен неге өтірік айтасың, әкелеріңді соттаттыңдар» дейді. Үнемі осылай айта берген соң балалардың психологиялық дені нашарлаған. Сонда әкесі өзінің педофил баласын жақтап тұр. Яғни, ол оқиғаға балалардың өзі мен анасын кінәлап тұр. Қазір өз балаларына азғындық жасайтындар да көбейіп кетті, - дейді заңгер.

Заңгер осындай жағдайлардан кейін Анна Құдиярованың психологтарымен бірлесіп жұмыс істейтінін жеткізді.

Өзімнің жеке психологім де бар. Адамдардан келген хаттарды қорыту үшін психологқа жүгінуге тура келеді, - дейді «One-Stop-Service» «Бір қадам» пилоттық жобасының үйлестірушісі.  

Сондай-ақ заңгер қоғамда жауапкершілікті алу дағдысы да нашар дамығанын айтты.

Біздің қоғамда  үнемі біреу кінәлі. Үйде бірдеңе дұрыс болмай қалса, әйел кінәлі, әйелі енесін кінәлайды. Әйтеуір, біреу кінәлі болады. Сол сияқты зорлық-зомбылықта да «өзі қысқа киіп шықты, өзі барды» деп кінәлайды. Ал 3 жасар бала зорланыпа жатса, не дейді? Ата-анасы қайда қарады дейді? Далаға 7 жастағы бала ойнап шықса, оны зорлап кету керек пе? Сондықтан осындай оқиғалардың алдын алуды күшейту керек. Ол құқықтық сауаттылықтан басталады. Мектеп емес, балабақшадан осындай жұмыстарды қолға алу керек, - дейді Рақышева.

Оның пікірінше, зорлық-зомбылық жайлы жаңалықтарға қатысты көп жағдайда ерлер емес, әйелдер пікір қалдырады. Ал ерлер «өзі кінәлі, тілінен тапты» деп жатады. Осындай таптаурын пікірлерден құтылуымыз керек. Ешқашан құрбан өзі кінәлі болмайды. Кінәлі болатын тек агрессор ғана. Менің кітабым шыққанда да көп дүние айтылды. Ақша үшін не істемей жатыр, бұрынғы дүниені неге айтады деген сияқты буллингке ұшырадым. Ерлерге сол үшін оқытатын орталықтар керек. Билікте отырғандардың ішінде де агрессорлар бар. Полицияға арыз жазылғанда, зорлық-зомбылық құрбандарына «кешіре сал, күйеуің ғой» деп айтады екен. Зорланған емес, зорлаған адам кінәлі екенін түсінетін уақыт болды», - дейді ол.

Ләззат рақышеваның айтуынша, қоғам зорлық-зомбылықты норма санайды.

Үйдегі бала да, әйелді ұруға болады, ол еркектен төмен деп есептейді. Осылай, ел болып, жер болып, айта-айта қоғам санысына зорлық-зомбылық норма емес, қылмыс екенін сіңіру керек, - деп түйіндеді ол.

Заңгер «One-Stop-Service» «Бір қадам» пилоттық жобасы Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы Әйелдер ісі және отбасылық-демографиялық саясат бойынша Ұлттық комиссияның қолдауымен ашылған орталық екенін айтты.

Құқық қорғаушы гендерлік зорлық көбінесе жақын туыстар немесе таныстар тарапынан жасалуын  бірнеше әлеуметтік және психологиялық аспектіні айқындайтынын айтты.

Олар:

-Мәселенің жабықтығы: отбасы ішіндегі немесе ең жақын таныстар арасындағы отбасылық зорлық көбінесе «ұят болады» және «шыда» деген қасаң қағидаларға сүйеніп, «жабулы қазан жабулы күйінде» қалады.  Зорлық құрбандары отбасылық қарым-қатынасты бұзуға, өздеріне қатысты жасалған зорлыққа кінәлі болып қалудан немесе қоғам тарапынан теріс талқыға түсуден қорқуы мүмкін.

-Зардап шегушінің агрессорға тәуелділігі: туыстар және отбасының жақын мүшелері тарапынан болатын зорлық жағдайларында зардап шегушілер агрессор және зорлықшыға қаржылай, не болмаса эмоционалды тұрғыда немесе физикалық тәуелді болуы мүмкін. Бұл қарсы келу немесе көмекке жүгіну мүмкіндігін қиындатады.

-Сенімнің бұзылуы: жақын адамдар тарапынан болатын зорлық әдетте отбасы және қоршаған ортамен байланысты қалыптасатын сенім мен қауіпсіздік негіздерін бұзады. Бұл болашақта ұзақ уақытқа созылатын психологиялық зардапқа және басқа адамдарға деген сенім болмауы мәселесіне әкеп соқтыруы мүмкін.

- Құқық қолдану қиындығы: тұрмыстық зорлық жағдайларында құқық қорғау құрылымдары көп ретте араласуға құлықты емес, өйткені мұндай жағдайлар әлі де болса жеке және отбасының өзіне ғана қатысты мәселе ретінде қарастырылады. Бұл өз кезегінде зардап шегушінің жеткілікті деңгейде қорғалмауына, демек соның салдарынан оның қорғаныш және қауіпсіздік құқығының еленбеуіне, агрессорларды тиісті деңгейде жазаламауға және зорлықты қалыпты жағдайға айналдыруға алып келуі мүмкін.

- Мәдени және әлеуметтік ережелер: өкінішке орай, біздің мәдениет пен қоғамда тұрмыстық зорлық қалыпты жағдай ретінде қаралады және көп ретте оны ақтап алады, соның салдарынан мұндай жағдайларды анықтау және алдын алу қиындап кетті. Бұл зорлықтың жалғасуына және оның ұрпақтан-ұрпаққа таралуына жол ашуы мүмкін. Мұндай жағдайда ақпараттық-түсіндіру іс-шаралары мен науқандарды жүргізген дұрыс.

Айдана Мұрат
Бөлісу: