Елорданың елді мекендеріне 230 бақылау камерасы орнатылды

24 Қаңтар 2023, 23:34 1275

Камера орнатуға азаматтар өтініш берген

Елорданың елді мекендеріне 230 жалпы бақылау камерасы орнатылды, деп хабарлайды El.kz Астана әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.

Жұмыстар азаматтардың өтініштеріне сәйкес жүргізілген.

Осылайша, Пригородный, Телман, Үркер, Көктал, қалашық Оңтүстік-шығыс, Теміржолшылар және Өндіріс елді мекендерінде бейнебақылау камералары орнатылды. Елді мекендерді бейнебақылау жүйелерімен жабдықтау халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз ету шараларымен байланысты.

Астана қаласында бейнебақылау бойынша алғашқы жобалар 2014 жылы басталған. 2014 жылы «Тіршілікті қамтамасыз етудің кешенді жүйесі» жобасы жүзеге асырылды. Жобаға Астана қаласының ғимараттарындағы ішкі камераларды қоспағанда, 256 бейнебақылау камерасы кіреді. Қазіргі таңда елордада әкімдік жүзеге асырып жатқан жобалар аясында ғимараттардағы ішкі камераларды есептемегенде 25 866 жалпы бейнебақылау камерасы бар, - делінген ведомствоның ақпаратында.

Қазіргі таңда денсаулық сақтау нысандары сияқты әлеуметтік маңызы бар нысандарға – 1 877 камера, мектепке дейінгі және орта білім беру нысандарына – 14 406 камера, оның ішінде ішкі камералар, сондай-ақ басқа да мәдени маңызы бар нысандар, спорт нысандарына 2313 камера, қоғамдық көлікте – 1165 камера орнатылды. «Сергек» жобасы аясында қаланың тұрғын үйлері мен әлеуметтік маңызы бар нысандарына 4000 камера қойылды.

Заманауи технологиялардың көмегімен қауіпсіз қала билігі адамдар мен ғимараттарды қорғай алады, оқиғаларға жылдам әрекет ете алады және халыққа қызмет көрсетуді оңтайландырады. Қала тұрғындарын террорлық қауіптерден бастап эпидемиялар мен табиғи апаттарға дейінгі кез келген қауіптен қорғауға болады.

Денсаулық сақтау, құқық қорғау және өрт сөндіру саласында жұмыс істейтін төтенше жағдайлар қызметтері барлық қажетті ақпаратқа ие болады, ал жол қозғалысын басқару, қалдықтарды шығару, әлеуметтік және басқа да қызметтер тиімдірек болады.

EL.KZ
Бөлісу: