Елордалықтарды 150 млн теңгеге сан соқтырған алаяқ ұсталды

30 Мамыр 2023, 02:14 683

Елордалық 29 тұрғынды шамамен 150 млн теңгеге сан соқтырған алаяқ құрықталды. Бұл туралы ҚР ІІМ баспасөз қызметіне сілтеме жасай отырып El.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

34 жастағы астаналық қала тұрғындарына автокөлік, ипотека, қолма-қол несие және инвестиция бойынша көптеген қызмет түрлерін ұсынған.

Алаяқтың торына түскен 29 адам Байқоңыр ауданының полиция басқармасына жүгінді. Түрлі алдаудың схемаларын ойлап тапқан күдікті қыруар ақшаға қарық болған. Алданған халық оған 1-22 млн теңгеге дейін ақша берген.

Полицияға Астана тұрғыны хабарласып, алаяқтың құрбаны болғанын хабарлады. Әйел күйеуінің досына сеніп, оған 1 млн 237 мың теңге бергенін айтты. Ол көлікті несиеге алуға көмектесуге уәде берді. Автонесие алуға қаражаты жетпеген әйелге, микроқаржы ұйымынан тауарлық және несиемен ақша несие алуды ұсынған. Нәтижесінде әйел бес микроқаржы ұйымынан несие және тауарлық несие алған. Біраз уақыттан кейін жәбірленуші өзінің алданғанын түсініп, дабыл қаққан. Сол сияқты қаржы мәселесін шешуге көмектесемін деп, өзге де азаматтарды алдауына түсірген, - делінген мәліметте.

Аталған дерекке қатысты ҚР ҚК-нің 190-бабы (Алаяқтық) бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.

Оның осыған ұқсас басқа да қылмыстарға қатыстылығы тексеріліп, қылмыстық іске қатысты тұлғаға бұлтартпау шарасы таңдалды. Астана қаласының полиция департаменті азаматтарды қырағы болуды, күмәнді операциялардан бас тартуды ескертеді.

Перизат Саденова
Бөлісу: