Астана қаласы әкімдігінің «Жастар театры» ұжымы жаңа маусымда екі бірдей марапатқа ие болды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
2024 жылдың 20-25 қыркүйек аралығында Ж.Аймаутов атындағы Павлодар облыстық қазақ музыка-драма театрында Жүсіпбек Аймауытовтың 135 жылдығына арналған «Ертіс-Баян» I республикалық театрлар фестивалі өтті. Аталған шарада Жастар театры Ж.Әлікеннің «Күйеу бала» қойылымымен Үздік режиссерлік шешім номинациясымен және бас жүлдесімен марапатталды. Қойылым режиссері – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Дәурен Серғазин.
Тәрбиеге тал бесіктен қамданған қазақ үшін ұлт мұраты мен ұрпақ бақыты қашан да қатар өрілген. Тамырдағы тектілік пен қандағы тазалықты тәрбиенің негізгі болмысы санаған.
Ал «ұлттың ұстазы – ұл, келешегі – қыз» деп барын да, бағын да ұрпағымен байланыстырған сол елдің ертеңі жаһандану жағдайына бейімделіп, құндылықтары құрдымға кетсе, оған кім кінәлі? Қаракөзін қарындасым деп елжіреп, жақынын жатқа қимас қазақтың бүгінгі тәрбиесінде не өзгерді? Бақытын басқа ұлттан іздеген қазақ қызының таным мен таңдауындағы алшақтықтың себебі неде? Шектен тыс еркіндік ертең опық жегізбесіне кім кепіл? Күйеу баласын күтіп, күпті болған көңілдің беймаза күйін баяндайтын қойылымның көрерменіне ғана емес, тұтас қазақ қоғамына ой саларлық айтары мол.