Астана мен Сеул арасындағы келісімшарт бойынша 100-ге жуық студент жұмысшы мамандықтардың қыр-сырын меңгерді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі елорда әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.
2004 жылы Кореяның Сеул қаласындағы технология және білім беру институтында астаналық университет және колледж студенттерін тағылымдамадан өткізу бойынша меморандумға қол қойылған. Онда еліміздің жас мамандары автоматмеханик, дәнекерлеу, аспазшы, тігінші, шаштараз жұмысшы мамандықтары бойынша білім алып, тәжірибелерін арттырады.
20 жыл уақыт ішінде 100-ге жуық ел студенттері шекара асып, Корея елінің жұмысшы мамандықтарының қыр-сырын меңгеріп, тағлымдамадан өткені бойынша арнайы куәліктерге қол жеткізген. Бұл ынтымақтастықтың ықпалының арқасында қазақстандық жастар үздік маманға айналып, алған тәжірибелерінің арқасында елімізде кәсіп ашып, оны дөңгелетіп отыр.
Соңғы рет 2024 жылы қаламыздағы колледждің үш студенті «Шаштараз мамандығы» бойынша білім алып келді. Қазіргі таңда олар осы салада елімізде қызмет етіп, тәжірибелерін табыс көзіне айналдырып отыр.
Бұл бағдарлама бойынша студенттерді Кореяда оқыту конкурстық негізде әңгімелесу арқылы жүзеге асырылады. Комиссия аталған бағдарлама бойынша лайықты қатысушыларды таңдайды. Конкурстық іріктеудің басты критерийі ағылшын және корей тілдерін еркін меңгеру, болашақта таңдалған мамандық бойынша жұмыс істеуге деген ұмтылыс болып саналады.