Елордалықтар 17 қыркүйекте жалпықалалық сенбілікке шығады

15 Қыркүйек 2022, 15:27 1342

Акцияның мақсаты – қоғам назарын табиғатты сақтаудың маңыздылығына аудару және экологиялық мәдениетті қалыптастыру

Нұр-Сұлтанда 17 қыркүйек – 15 қазан аралығында «Бірге таза Қазақстан» атты жалпықалалық экологиялық акция өтеді, деп хабарлайды El.kz елорда әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.

Айлық аясында коммуналдық қызметтер мен мердігер ұйымдар келесі жұмыстарды атқаратын болады: қоғамдық аумақтарды көгалдандыру және абаттандыру, көгалдандыру объектілерін (саябақтар, скверлер, аллеялар) жөндеу және қалпына келтіру, кварталішілік абаттандыру, балалардың ойын және спорт алаңдарын жабдықтау, төселген тастарды, жиектастарды, шағын сәулет нысандарын қалпына келтіру, көпірлер мен жол өтпелерінің құрылымдарын, қоршауларын жуу, аялдамалардағы павильондарды жөндеу және тазалау, контейнер алаңдары мен қоқыс контейнерлерін санитарлық тазалау және тағы басқасы.

Сонымен қатар 10 мыңнан астам жасыл желек отырғызу жоспарланған.
Ал 17 қыркүйек күні жыл сайынғы «Дүниежүзілік тазалық күні (World Cleanup Day 2022)» экологиялық акциясы аясында астанада жалпықалалық сенбілік өтеді.
Акцияның мақсаты – қоғам назарын табиғатты сақтаудың маңыздылығына аудару және экологиялық мәдениетті қалыптастыру.
«Елорда тұрғындары мен қонақтарын, оқушылар мен студенттерді, шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерін, сондай-ақ волонтерлер мен экологиялық ұйымдарды жалпықалалық сенбілікке қатысуға шақырамыз», - делінген елорда сайтында.

Бөлісу: