Елордалда ерекше фотокөрме ашылды

9 Тамыз 2023, 05:40 867

Елордалық MEGA Silk Way СОО-да «Махаббат ғажайып жасайды» атты фотокөрме ашылды. Оны «Солнечный мир» қоғамдық қоры ұйымдастырды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Астана әкімдігінің ресми сайты таратқан мәлімет бойынша, фотокөрмеде Даун синдромы бар балалардың портреттері, сондай-ақ олардың туыстарының ортасында түскен фотосуреттері бар.

Қор басшысы Евгения Чеботаревская фотокөрменің ашылуы өткен жылы жоспарланғанын айтты.

Біз фотокөрме өткізетін орын таба алмадық. Есіл ауданының әкімдігі бізге бір аптаға MEGA Silk Way павильонында өткізуге көмектескеніне ризамыз. Көрмеде Даун синдромы бар балалардың фотосуреттері, сондай-ақ олардың ата-аналарымен немесе өзге балалармен бірге түскен суреттері болады. Осылайша, біз бұл балалардың қоғамның бір мүшесі екенін көрсеткіміз келеді, – деді қор басшысы.

Оның айтуынша, кейбір адамдар мұндай диагнозы бар балаларда жұқпалы ауру бар деп ойлайды.

Бүгін біз ұсынып отырған фотосуреттерге көз жүгіртсек, отбасында махаббатты сезініп өсіп келе жатқан балалар қалыпты дамитынын байқауға болады әрі олардан қорқудың қажеті жоқ. Даун синдромы диагнозы қойылған баласы бар жас ата-аналар бізге жиі келеді. Олар кейінгі балалары да осындай диагнозбен туылуы мүмкін деп қорқады.
Біздің фотосуреттерде төрт немесе одан да көп баласы бар отбасылар көрсетілген, олардың қалған балалары сау. Бұл генетикалық ауытқудың басқа балаларға таралмайтынын дәлелдейді, – деді спикер.

Қор басшысы да ерекше бала тәрбиелеп отыр. Ол – 9 жаста. Бұрын мұндай балаларға арналған мектептер мен балабақшалар болмаған.

Қазір бәрі түбегейлі өзгерді және біз бұл өзгерістердің жақсы жаққа қарай жалғасқанын қалаймыз, – деп қорытындылады Евгения Чеботаревская.

Көрмеге қатысушылар мен сауда-ойын-сауық орталығының қонақтары үшін түрлі тәттілер дайындалды, ал аниматорлар балалармен ойындар мен жарыстар өткізді.

Берік Арманов
Бөлісу: