Елордада тұңғыш рет әскери-тарихи музей ашылды

2 Желтоқсан 2015, 05:46

Әскери-тарихи музей ашылды

1 желтоқсан күні Елбасы – Жоғарғы Бас Қолбасшы Нұрсұлтан Назарбаев Астанада еліміздің тарихындағы тұңғыш Қазақстан Республикасы Қарулы күштерінің Әскери-тарихи музейін ашты.

Музей 1998 жылы Нұрсұлтан Назарбаевтың сәулеттік идеясымен салынған ғимаратта орналасқан. Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің әскери-тарихи музейі орналасқан ғимарат жұмысының жаңалығы – оның көпфункционалдығында болып отыр. Ғимаратта музейдің өзінен басқа концерт залы, уақытша көрмелер залы бар, сондай-ақ, онда Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің Орталық оркестрі мен Орталық ансамблі жұмыс жасайды.

 

Қазірдің өзінде музей қорында ежелгі кезеңнен бүгінгі күнге дейінгі қазақ халқының мәдениеті мен әскери тарихынан сыр шертетін ескерткіштер, сирек кездесетін экспонаттар бар. Бұл Қазақ хандығының 550 жылдығы мен Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 70 жылдығы аясында ерекше маңызға ие болып отыр.

Ғимараттың сәулеттік және құрылымдық бейнесіне экспозициялық залдар қосымша ерекшелік беріп тұрады. Атап айтқанда, музейде Қазақстан Қарулы Күштерінің залы, Мерзімді көрмелер залы, Ежелгі дәуір – XIX ғасыр залы, XX ғасырдағы әскери тарих залы, XX-XXI ғасырлардағы қару-жарақ залы, Бейнелеу өнері залы, сондай-ақ, «Қазақстан әскери ісінің тарихы» атриумы бар.

Атриумда қорғаныс қабілеттілігі саласындағы замануи жетістіктер мен өткен дәуірді ұштастыратын тарих сабақтастығын сипаттайтын барельефтер сериясы ұсынылған. Барельефтер әртүрлі тарихи дәуірдегі көшпелі қазақ жауынгерлері қару-жарақ түрлерінің ерекшеліктерін сипаттайды.

Еліміздің қазақ батырлары мен заманауи жауынгерлердің ортасындағы Қазақстан Қарулы Күштері Жоғарғы Бас қолбасшысы бейнеленген «Мәңгілік Ел» орталық композициясы даңқты дәстүрге деген адалдықтың нышаны.

ҚР Қарулы Күштері залында ең басты орталық орынды «Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің Бас Қолбасшысы Н.Ә. Назарбаев» экспозициясы иеленеді. Бұдан өзге, залда ел Қарулы Күштерінің әскер түрлері – Құрлық әскерлері, Әуе қорғаныс күштері және Әскери-теңіз күштері экспозициясы бар. Мұнда алғашқы қазақстандық снаряд, танк, әскери самолеттер, әскери вертолеттер мен әскери кемелердің макеттері қойылған. Оның ішінде Т-72, шабуылдаушы Су-25, «Торнадо» кемесі және басқалары бар.

Мерзімді көрмелер залының экспозициясына «АМПИР» элиталық антиквариат салонының коллекциясы қойылған. Ол Қазақстанның мәдени мұрасында тарихи мазмұнға ие ұлттық бұйымдардан және авторлық мүсіндер, Түрксой тарихы мұражайы – археология ескірткіштері (б.э.д IV-III мыңжылдықтар) және этнография (XIX – XX ғ. басы), түркі халықтарының тұрмыс-тіршілігін бейнелейтін экспонаттардан тұрады.

Ежелгі дәуір – XIX ғасыр залында қазақ халқының қару жасау шеберлігінің даму тарихын көрсетеді. Мұнда Қазақстан аумағынан табылған тас дәуірінен бергі жәдігерлер орналасқан. 

XX ғ. әскери тарих залында өткен ғасырдағы Қазақстанның әскери және жауынгерлік тарихының барлық негізгі кезеңдерімен байланысты экспонаттар көрсетіледі. Залда Алаш Орда автономды мемлекеттік құрылымның қызметі, Ұлы Отан соғысы, сондай-ақ қазақстандықтардың 1979-1989 жж. Кеңес-Ауған соғысына қатысуы туралы арнайы және бірегей экспозициялар бар. Дәл осы залда проекциялық жабдықтау форматында Кеңес Одағының Батырлары, Даңқ орденінің кавалерлері, 1979-1989 жж. Кеңес-Ауған соғысының интернационал жауынгерлері, сондай-ақ «Халық қаһарманы» жоғары мемлекеттік наградаларының иегерлері туралы ақпарат көрсетіледі.  Сонымен бірге музей келушілері Ресейдің мұрағатынан алынған мұрағаттық құжаттар жиналған интерактивті кітаппен таныса алады. Музей қонақтарының назарына танымал 100 және 101-атқыштар  бригадаларының құрылу тарихы бойынша бірегей құжаттар, Ұлы Отан соғысы жылдарындағы фотосуреттер мен жеке құжаттар ұсынылған.

Қару-жарақ залында XX-XXI ғасырдың қаруы ұсынылған. Экскурсия барысында мұражай қонақтары тапаншадан, автоматтан, граната атқыштан, оқшашар мен оқ-дәріден бастап әртүрлі қару-жарақ түрлерімен, сондай-ақ XX-XXI ғасырдың авиациялық жою құралдарымен танысуға болады. Витриналарда азаматтық соғыс жылдары, Ұлы Отан соғысы кезеңіне қатысы бар Қазақстан Республикасының Қарулы Күштері қолданып жүрген тапаншалар, спорттық қару, оқ-дәрілер, авиациялық жою құралдары, жаяу әскерге және танкіге қарсы миналар қойылған.

Музейдің бейнелеу өнері залында оның үш түрлі саласы көркем сурет, графика және мүсіндеу бұйымдары қойылған.

Залда Аманжол Мұсалимовтің, Пензовтың, Қасымбаевтың және басқа да суретшілердің Ұлы Отан соғысы, азаматтық соғыс пен төңкеріс кезеңі, халықтық ереуіл жетекшілерінің бейнесін сомдаған туындылары қойылған.

Графикада бейнелеу өнерінің республикалық ұлттық мектебінің қалыптасуы мен құрылуына сүбелі үлес қосқан суретшілердің еңбектері ұсынылып отыр. Атап айтқанда, олардың орындауындағы қазақ батырларын бейнелейтін жұмыстар қойылған, соғыс пен атом қаруына қарсы тақырып, қазақстандық ұшқыштар, Ұлы Отан соғысындағы қазақстандық батырлар бейнеленеді.

Мүсіндер арасында Жамбыл Жабаевтың, сақ патшайымы Томирис, Ұлы Отан соғысындағы қазақтың батыр қыздары Мәншүк Мәметова мен Әлия Молдағұлованың, қолбасшы маршал Коневтің портрет-мүсіндері орнатылған.


Әзірлеген Тұмар АСЫЛ

Бөлісу: