Елордада түркиялық дәрігерлер шеберлік сағатын өткізіп жатыр

1 Шілде 2022, 22:51 1031

Меморандум аясында клиникада 10 кішкентай пациентке кеңес берілді, ал ертең оларға ота жасалмақ.

Бүгін №2 Көпбейінді қалалық балалар ауруханасында шеберлік сағаты басталды. Оның аясында Түркиядан келген уролог дәрігер, профессор Али Текин бастаған операциялық бригада 4 ота жасап, «Балалар урологиясындағы эндовидеохирургия» тақырыбында консультация мен дәріс өткізеді, деп хабарлайды Еl.kz қала әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.

Іс-шараға Нұр-Сұлтан қаласының және республиканың басқа өңірлерінен келген балалар урологтары қатысып жатыр.

Шеберлік сағаттарының мақсаты – Қазақстандағы балалар урологтарының кәсіби шеберлік деңгейін арттыру, халықаралық медициналық қоғамдастықпен тәжірибе алмасу, балалар урологиясындағы жаңа технологияларды бейімдеу.

«Балалар урологиясының дамуы қаламыз үшін үлкен маңызға ие. Біз соңғы бірнеше жылда ересектер урологиясы бойынша эндоскопиялық аз инвазивті технологияларды енгізуде белгілі бір нәтижелерге қол жеткіздік. Осы тұрғыдан балалар урологиясын дамытуды бастауымыз керек деп ойлаймын», - деп атап өтті Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Тимур Мұратов

Басқарма басшысының айтуынша, келесі жылдан бастап елорданың денсаулық сақтау саласында стационарларды қайта жарақтандырудың нақты бағдарламасы қабылданбақ.

«Біз мұнда өз тәжірибемізбен бөлісуге келдік. Жұмысымыз барлығына, оның ішінде, ең бастысы кішкентай пациенттерге пайдасы тиеді деген ойдамыз», - деді профессор Али Текин.

Шеберлік сыныбы осы жылдың мамыр айында №2 Көпбейінді қалалық балалар ауруханасы мен Acıbadem (Аджибадем) International Стамбул клиникасы арасында қол қойылған меморандум аясында өтіп жатыр.

Айта кетейік, 2006 жылы №2 Көпбейінді қалалық балалар ауруханасында балалар уронефрологиялық бөлімшесі ашылды. Жыл сайын мұнда республиканың түкпір-түкпірінен келген 1500-ге жуық балаға көмек көрсетіледі. Аталған бөлімше «Астана» Медицина Университеті» АҚ балалар хирургиясы мен балалар аурулары кафедрасының базаларының бірі болып есептеледі.

Бүгінгі меморандум аясында клиникада 10 кішкентай пациентке кеңес берілді, ал ертең оларға ота жасалмақ.

Бөлісу: