14 Желтоқсан 2016, 05:49
2016 жылдың соңына дейін Астанада 30-дан астам жедел медициналық жәрдем көліктерін сатып алу жоспарланған. Бұл туралы кеше өткен Орталық жедел жәрдем станциясының ашылу салтанатында елорда әкімі Әсет Исекешев мәлімдеді. Медициналық мекеменің жаңа ғимараты Тәуелсіздіктің 25 жылдығы қарсаңында ел игілігіне беріліп отыр.
«Бүгінгі күні Астана әкімдігі жұмыстарыңыз үшін қажет жағдайдың бәрін жасап отыр. Жедел жәрдем дәрігерлерінің еңбегі үлкен жауапкершілікті талап етіп, тәуекелмен байланысты екенін біз жақсы түсінеміз. Сол себепті медициналық қызметкердің беделін арттыру, оның әлеуметтік игіліктермен қамтамасыз ету бағытында тұрақты негізде жұмыс жүргізіп келеміз», – деді Астана әкімі Әсет Исекешев.
Сондай-ақ, әкімнің айтуынша, үстіміздегі жылы медициналық қызметкерлерді баспанамен қамту бойынша жүйелі жұмыс қолға алынды. Бүгінгі күні қаланың тұрғын үй қорынан жедел жәрдем қызметкерлеріне 30 пәтер бөлінді. Сондай-ақ, медициналық қызметкерлер үшін отбасылық типтегі жатақхана салу жоспарланған.
Әсет Исекешев автошаруашылықтың аумағын аралап, бірыңғай диспетчерлік қызметтің жұмысымен танысып, қалалық жедел медициналық жәрдем станциясының еңбек ұжымымен кездесті. Қала басшысы ЭКСПО-2017 халықаралық мамандандырылған көрмесі қарсаңында жаңа медициналық қызметтің алдында тұрған басымдықты міндеттерді айқындап берді.
Орталық жедел медициналық жәрдем станциясының құрылысы 2015 жылдың шілдесінде басталып, үстіміздегі жылдың қараша айында сәтті аяқталған. Станцияның қызмет көрсету қуаттылығы - тәулігіне 274 шақыруға бару. Медициналық қызметкерлердің жалпы саны – 1561 адам, соның 118-і дәрігер, 858-і - фельдшер, кіші медициналық қызметкерлер - 179 маман, 331 жүргізуші, 75 қызмет көрсетуші тұлға.
Нысан автопарк, реанимациядық, желілік санитарлық машиналар кешенімен жарақталған. Бұған қоса, қалалық медициналық Call-орталықты 103 диспетчерлік қызметімен біріктіру арқылы бірыңғай шұғыл әрекет ету қызметі құрылған, жедел жәрдем көліктерінің спутниктік мониторингі ( GPS) жолға қойылған. Енді азаматтардың денсаулық сақтау мәселелеріне қатысты өтініштері бір орталықта шоғырландырылатын болады.