Елордада ІІІ Астана Интернет форумы өтті

8 Желтоқсан 2015, 08:54

Еуразия Ұлттық Университетінде ІІІ Астана Интернет форумы өтті.

Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде «Нұр Отан» партиясының қолдауымен Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ Журналистика мәселелерін зерттеу институты, Ұлттық Интернет Ассоциациясы ұйымдастырған ІІІ Астана Интернет форумы өтті.

Форумға «Нұр Отан» партиясы Төрағасы бiрiншi орынбасарының кеңесшiсi Берік Уәли, «Жігер. Абырой. Сана» Қоғамдық қорының директоры Есен Елеукен, Ұлттық Интернет Ассоциациасының президенті Серікқазы Кәкібаланов, IT саласының мамандары, танымал блогерлер мен студенттер қатысты.

Биылғы форум тақырыбы – отандық ақпараттық кеңістіктің қауіпсіздік мәселелеріне арналды. Атап айтқанда, ақпараттық қысым және дезинформация, әлеуметтік желілердегі діни-экстремисттік идеология, интернет желісіндегі ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз етудің әлеуметтік-саяси және техникалық аспектілері, тағы  басқа да көкейтесті мәселелер көтерілді.

«Нұр Отан» партиясы Төрағасының Бiрiншi орынбасарының кеңесшiсi Берік Уәли еліміздің кибер кеңістігінің қауіпсіздігі мен қазақ тілді сайттардың дамуы үшін мұндай шаралардың маңызды екендігіне айрықша тоқталды.

«Нұр Отан» партиясы азаматтық қоғамның ажырағысыз бөлігі. Сондықтан, біз бүгінгідей азаматтық бастамаларды дамытуға, өзекті мәселелерге қоғамдық бақылауды күшейтуге жағдай жасауға тиіспіз. Тиісінше, Саяси доктринамызға сәйкес интернеттің қазақстандық сегменті және ақпараттық кеңістіктің қауіпсіздік мәселесі күн тәртібінде. Бүгінгі шара осынысымен маңызды», - деді Берік Уәли.

Қазақстандық аудиторияға арналған ақпараттық технологиялар саласын дамытып жүрген азаматтарға арналған аталмыш жиынның басты мақсаты – қазақ тілінде контент жасаушыларды және портал мен сайт иелерінің, жаңа өнімдерді ұсынушылардың өзара тәжірибе алмасып, ортақ жобалардың пайда болуына ықпал ету.

Биылғы форумның тағы бір жаңалығы – шара аясында қазақстандық ІТ мамандар жасаған бағдарламалық жасақтамалар, робототехника, мобильді қосымшалар басқа да инновациялық өнімдер көрмесі ұйымдастырылды.

Уалиев Данияр, Петропавл қаласындағы Назарбаев зияткерлік мектебінің робототехник жетекшісі

Біздің мектепте робототехниканы үйрету жөнінде үйірме бар. Оқушылар сабақтан кейін үйірмеге қатысып, құлтемір жасауды үйренеді. Робототехника дегеніміз – бірнеше пәннің үйлесім табуы. Құлтемірді жасаған кезде алдымен бағдарламасын жазады. Бағдарлама жасау барысында міндетті түрде математика, информатика, физика, геометрия пәндерінің элементтерін пайдаланады. Мәселен, олар математика пәнінен бір формула үйреніп келетін болса, үйірмеде сол формуланы пайдалана отырып, өздері тәжірибе жүзінде шыңдайды. Физикалық есеп арқылы роботты, оның қимылын жасайды. Робот жасау арқылы балалардың ойлау қабілеті дамиды, бағдарлама жасап үйренеді. Мұндағы басты мақсат – балаларды ғылымға баулу.   

 

Сонымен қатар, Журналистика мәселелерін зерттеу институтының жобасы – Sanaq.kz сайты таныстырылды. Аталған электронды база жүйесі арқылы қазақтілді сайттардың рейтингі анықталып, үздік сайттар  түрлі номинациялар бойынша марапатталды. «Қазконтент» Акционерлік қоғамының «Әдебиет» порталы үздік салалық сайттар номинациясында екінші орынды жүлделеді.

Форумға «Жігер. Абырой. Сана» қоғамдық қоры ресми қолдау білдірді.


Тұмар АСЫЛ

Суреттерді түсірген Нұрбек ӘЛМАНБЕТОВ

 

 

 

 

 

 

Бөлісу: