Елордада «Кондитерлер фестивалі» өтті

3 Шілде 2015, 10:28

«Кондитерлер фестивалі» шарасының жеңімпаздары кім? Ең үздік тәтті өнімді кім өндіреді?

Астана қаласының туған күні қарсаңында Конгресс-хол сарайында «Кондитерлер фестивалі» өтті. Шараға 15-тен астам кондитерлік өнім өндіретін кәсіпкерлер қатысып, тәтті тағамдарын жұрт назарына ұсынды.

Астана халқына кондитерлік шеберлікті паш етіп, замануи кондитерлік өндірістің жаңашылдығын таныстыруды мақсат еткен ұйымдастырушылар кәсіпкерлерге өнімдерін жарнамалауға мүмкіндік берді.

«Жобаның негізгі мақсаты – кондитерлердің кәсіби шеберлігін көрсету,  кәсіпкерлер мен тұтынушылар арасында байланыс орнату. Бүгінгі шараның ерекшелігі – фестиваль шеңберінде дәмі тіл үйіретін тәтті тағамдардың дәмін татып, тұтынушылардың өздері бағасын беріп жатыр. Мұндай шаралар кәсіпкерлерді ынталандырып қана қоймай, тұтынушыларға кеңінен таныстыру мүмкіндігіне ие болып отыр», – деді Астана қалалық қоғамдық тамақтандыру және сервис колледжінің оқу-өндірістік шебері Маргарита Смирнова.

- Астанада Конгрес-холлда өтіп жатқан осындай керемет фестивальға бірінші рет қатысып отырмыз. Бізге ұнады, бақ сынасқымыз келетін бәсекелестеріміз көп. Мұнда өз өнімдерімізді ұсындық, атап айтқанда бәліштер мен круассандар. ЭКСПО-2017 көрмесі қарсаңында Қазақстан эакспозициясы формасында торт пісірдік, - деді «Искаков» ЖК директоры Евгений Нигманов. Оның айтуынша, круассан дайындау кезінде компания заманауи технологияларды қолданады, нәтижесінде диеталық өнім алынады, әрі сақталу мерзімі де ұзарады екен.

Кондитерлік өнер сынға түскен фестивальге отандық сауда нарығында 10-15 жылдай тұрақты өнім өндіріп, жұрт көңілінен шыққан кондитерлік кәсіп иелері де қатысуда. Алайда, бүгінгі фестивальге алғаш рет тәтті өнімдерін алып келіп, тұсауын кескен кулинария орталығы да болды. «Джем» деп аталған кулинария орталығының аспаздары 60 литр кисель де әзірлеп алып келіпті. Фестивальге жиналған жұртшылыққа тәтті бәліштерін тегін таратып, өнімдерімен таныстырды.

–Бүгін отандық сауда нарығына беттеген алғаш қадамымыз шаһар туған күнінің құрметіне өткізілген фестивальден басталды, – дейді кондитер маман Мария Досжан. – Біздің тәттілер тек табиғи таза өнімдерден пісіріледі. Болашақта мерекелік шараларға арналған торттарды тапсырыспен қабылдайтын боламыз.  

Ал, «Столичный хлебный двор» кәсіпкерлігі еліміздің сауда нарығын 10 жылдан астам уақыт өнімдерімен қуантып келеді. «Айнанан» кондитерлік дүкені Атырау қаласында ашылып, кәсібін дөңгелеткен. Жуықта Астана төрінен де өз бөлімшесін ашыпты. Директоры Сара Иксанова бүгінгі фестивальге салмағы 5 кг болатын «Астана» тортын арнайы әзірлеп әкелген. Торттың ерекшелігі – құрамының тек 20 грамы ұннан, қалған бөлшегі жаңғақтан жасалыпты.

Фестивальге қатысушы кондитерлер бірнеше номинациялар бойынша жарысқа түсті. Конкурс нәтижесі бойынша «Үздік мерекелік торт» номинациясын «Апрель» ЖШС жеңіп алса, «Тәтті туынды» номинациясын «Мадлен» кондитерлік кофейнясы қанжығалады. «Орион-н» фирмасының кондитерлері «Бәліш патшасы» аталмының жеңімпазы атанды. Жеңімпаз аспаздарға  плазмалы теледидар мен дипломдар табысталды. Ал өзге қатысушылардың барлығына қысқа толқынды пештер сыйға тартылды.

Бақытгүл АБАЙҚЫЗЫ

 

Бөлісу: