13 Қазан 2016, 11:13
«Astana Musical» – еліміздегі «Қазақконцерт» мемлекеттік концерттік ұйымының негізінде құрылған тұңғыш мамандандырылған мюзикл театры. Спектакльде жас актерлар өнер көрсетті. Жаңа театр замануи бағыттарға негізделіп, отандық мюзиклдердің бірегей репертуарының орталығына айналмақ.
«Бұл еліміз үшін маңызды оқиға. Ең алдымен, министрліктің бастамасы мен қолдауының арқасында аты аңызға айналған «Қазақконцерт» концерттік ұйымын сақтап қалдық. Қаншалықты қиын болғанымен, нәтижесінде сүйікті атауды сақтап, Астана қаласында бірегей ұйым құрдық. Бұл жерде 100 пайыз қазақстандық туындылар дүниеге келеді деп толықтай сенемін. Қазақстандықтарға Тәуелсіздігіміздің 25-жылдығына орай осындай сый жасау біз үшін құрмет» – деп атап өтті «Қазақконцерт» мемлекеттік концерттік ұйымының директоры Салтанат Сейдімбек.
Мәдениет қайраткерлерінің пікірінше, «Қазақконцерт» елорданың мәдени әлеуетін арттырып, еліміздегі театр қызметінің алуан түрлі жанрын кеңейтуге мүмкіндік бермек. Енді қазақстандық әртістер «Қазақстан» концерт залының мүмкіндігін пайдалана отырып, шеберлігін шыңдап, кәсіби біліктілігін арттыра алады.
Қойылымға жас әртістер, Т.Жүргенов атындағы өнер Академиясының жоғарғы курс студенттері мен түлектері жұмылдырылған. Олардың барлығы бірнеше деңгейлі іріктеуден өтіп, өз рөлдерін алған. Әртістерді таңдаудағы басты талап: вокал, би және актерлік шеберлік болды. Мюзикл орындаушылары мен хоры «Академия солистов» мемлекеттік камералық оркестрі мен Т.Жүргенов атындағы өнер академиясының «Big band» ансамблінің сүйемелдеуімен жанды дауыста ән шырқайды.
Мюзикл желісі бойынша еліміздің әр өңірінен консерваторияға оқуға келген төрт жігіттің басынан кешкен қызықты оқиғалары, жастық шақ, достық пен махаббат жайы баяндалады. Оқиға 60-70-ші жылдар кезеңінде өрбиді. Мюзиклға сол жылдарда әйгілі болған, қазақ музыкасының «алтын қорына» енген: Ш.Қалдаяқов, Е.Хасанғалиев, «Дос-мұқасан» тобының әндері арқау болды. Әлемдік музыканың жауһарлары Франкель, Битлз репертуарының шығармалары орындалады. Сондай-ақ, жаңа стилистикалық бағытта жазылған композициялар да бар. Либретто авторы – ҚР еңбек сіңірген қайраткері – Бақыт Қайырбеков, драматург – Әннас Бағдат. Қойылым музыкасын жазған республикаға танымал дирижер, ҚР еңбек сіңірген қайраткері – Артур Оренбургский. Мюзикл режиссері – Еслям Нұртазин.
ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің баспасөз қызметі