21 Шілде 2016, 12:16
Соңғы апталарда қант бағасы республика бойынша күрт өсті. Кей өңірлерде (мысалы, Өскеменде) бір келі қанттың құны тіпті 450 теңгеге дейін жетті. Астанадағы базарлар мен сауда орталықтарындағы бағаларды білмек ниетпен бүгін біз де рейдке шықтық.
Алдымен, елордадағы «Шапағат» коммуналдық базарына бас сұқтық. Онда қант бағасы 300 теңге екен. Біз келген сәтте Әділбек Қуанышұлы есімді қала тұрғыны 10 келі қантқа 5 келі күріш қосып алып жатыр екен. «Негізі, маған күріш керек емес еді. Сатушы «күріш қосып алмасаң, 10 келі қант бере алмаймын» деп айтты» дейді Әділбек. Бұл қайдан шыққан «заң» екенін білмекке базар әкімшілігіне бардық. Ондағы мамандар бұл жаңалықтан бейхабар болып шықты. Дереу сатушыны шақыртып, мән-жайды анықтады.
Базар әкімшілігіндегі мамандар қант бағасының күрт өсуін девальвация және тосап қайнату науқанының басталуымен байланыстырды. «Біз тапсырыстарды жеткізушілердің бағаларына ықпал ете алмаймыз. Тек коммуналдық базардағы бағаларды реттеп отырамыз. «Шапағат» коммуналдық базарында бағалардың белгіленген межеден 8-10 пайыздан ары қарай өспеуі қатаң қадағаланады.
Қазір азық-түлік бағасын тұрақтандыру қорынан алған 80 тонна қантты сатып отырмыз. Алдыңғы күні 285 теңгеден саттық, бүгін 300 теңгеге өсті. Басқа жерлерге барып көріңіздер, қалада бағалар 346, 365, 395 теңгеге дейін шарықтап кетті» деді базар әкімшілігінің өкілдері.
Бұдан кейін біз «Әлем» сауда орталығына бардық. Орталықтың бірінші қабатында қант тек бір ғана жерде сатылатын болып шықты. Сатушы қанттың бір келісі 350 теңге тұратынын, егер, көбірек сатып алсақ, 340 теңгеден беретінін айтты.
«Магнум» сауда орталығында қант мүлдем жоқ болып шықты. Сауда орталығының әкімшілігіндегі қызметкерлер қанттың кеше ғана таусылып қалғанын айтты. Бұған дейін ол «Магнумда» жеңілдікпен 251 теңгеден (1 кг) сатылған екен. Қала тұрғындары аз уақыт ішінде таласа-тармаса алып кетіпті. «Енді қанттың қашан келетіні белгісіз» дейді сатушылар.
Ал, «Кең Mart» сауда орталығында 1 келі қанттың бағасы – 286 теңге.
Сәйкесінше, қаптағы 25 келі қанттың бағасы – 7150 теңге.
Ең қызығы, мұнда әрбір сатып алушыға 2 қаптан артық қант берілмейтіндігі туралы хабарландыру ілінген.
Біз барған ең соңғы сауда орталығы Абылай хан көшесінде орналасқан «Small» болды. Онда қант мүлдем жоқ болып шықты. Сауда орталығының әкімшілігіндегі қызметкерлер мұнда қанттың бір аптадан бері сатылмай жатқандығын айтты.
Бұған дейін баспасөз бетінде елордадағы Ш. Уәлиханов көшесінің бойында орналасқан «Small» дүкенінде сатушылардың қантты қоймаға тығып қойғаны туралы ақпарат жарияланған болатын. «Small»-дың Абылай хан көшесінде орналасқан дүкенінен мұндай жағдайды байқай қоймадық.
Таяуда қант бағасының күрт көтерілуіне байланысты Ұлттық экономика министрлігіне қарасты Табиғи монополияларды реттеу комитетінің баспасөз қызметі мынадай түсініктеме берді:
«Қанттың құны оны көтерме бағамен жеткізетін тараптардың бағасына байланысты барлық өңірлерде 10 пайызға артқан. Жалғыз өндіруші – «Орта Азиялық қант корпорациясы» ЖШС бағасы импорттық тауардың бағасына байланысты өсіп отыр».
Шығыс Қазақстанда қант бағасының шектен тыс шарықтап кеткенін жоғарыда жаздық. Ал, осыдан бірер күн бұрын Қарағанды облысында өңірдегі қант тапшылығына байланысты антимонополиялық тергеу ісі басталды. ҚР Ұлттық экономика министрлігі табиғи монополияларды реттеу және бәсекелестікті қорғау комитетінің Қарағанды облысы бойынша департаментінің басшысы Асхат Жапсарбай «Самади-1», «Адал-Аслан» ЖШС, «Dias KZ», «Ер Ай 2012», «Green Foods» компанияларына қатысты тергеу жүргізілетінін мәлімдеді. Департамент басшысы БАҚ өкілдеріне қант бағасының күрт өсуін «қолдан жасалған тапшылық» деп есептейтінін айтқан.
Ал, өңірлерге қант тасымалдаумен айналысатындар бұл тапшылықты Қазақстандағы қант өндіретін 3 зауыттың екеуі күрделі жөндеуге жабылғандығымен және қанттың шетелге (мысалы, Ресей, Тәжікстан) экспортталуымен байланыстырады.
Роза СЕКСЕНБАЙҚЫЗЫ
Суреттерді түсірген – Нұрбек ӘЛМАНБЕТОВ