Елордада жеке сот орындаушылары аса ірі көлемде ақша жымқырған

11 Қазан 2023, 09:38 999

Елордада қызметтен шеттетілген жеке сот орындаушылары аса ірі көлемде ақша жымқырған, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Бас прокуратураның ресми өкілі Дархан Дүйсембайдың мәліметінше, екі жеке сот орындаушысы қызметтері тоқтатылғанына қарамастан, алты ай бойы 87 балаға алимент төлеуге арналған ақшалай қаражатты иемденген.

Мысалы, жеке сот орындаушысы 2-топтағы мүгедек әкенің әлеуметтік жәрдемақы есебінен балалар үйіндегі екі баласына аударған алимент төлемдерін жымқырған. Тағы бір жеке сот орындаушысы қайтыс болған алимент төлеушінің банктік шотынан ақшаны шешіп алып, оны өзінің қалауымен жұмсаған, – деді Дархан Дүйсембай.

Жалпы олар 5 млн теңге қаражатты жымқырған. Бүгінге, прокурорлардың араласуынан кейін 34 балаға залал өтеліп, қалғандары бойынша жұмыс жалғасып жатыр. Алаяқтық және өкілеттіктерді теріс пайдалану фактілері бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізіліп жатыр.

Равиль Ашығали
Бөлісу: