Елордада жалға берілетін тұрғын үй бағдарламасына құжат қабылдау басталды

19 Желтоқсан 2023, 14:25 947

Тұрғын үй орталығы "Сатып алу құқығынсыз жалға берілетін тұрғын үй" бағдарламасы бойынша құжат қабылдау басталғанын мәлім етті, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Қабылдау 20 желтоқсан сағат 09:00-ден 28 желтоқсан сағат 23:59-ға дейін жалғасады.

Құжаттарды қабылдау тек qatysu.zhilfond.kz порталы арқылы электронды түрде жүргізіледі.

Бұл бағдарламаға Астана қаласының коммуналдық тұрғын үй қорынан тұрғын үйге кезекте тұрған төмендегі санаттағы азаматтар қатыса алады:

жеңілдіктері бойынша Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне теңестірілген ардагерлер;

басқа мемлекеттердің аумағындағы ұрыс қимылдарының ардагерлері;

бірінші және екінші топтағы мүгедектігі бар адамдар;

мүгедек балалары бар немесе оларды тәрбиелеп отырған отбасылар;

кейбір созылмалы аурулардың ауыр түрлерімен ауыратын адамдар;

жасы бойынша зейнеткерлер;

жетім балалар және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар;

қандастар;

экологиялық зілзалалар, табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлар салдарынан тұрғын үйінен айырылған адамдар;

көпбалалы отбасылар;

мемлекеттік немесе қоғамдық міндеттерді, әскери қызметті атқару кезінде, ғарыш кеңістігіне ұшуды дайындау немесе жүзеге асыру кезінде, адам өмірін құтқару кезінде, құқықтық тәртіпті қорғау кезінде қаза тапқан (қайтыс болған) адамдардың отбасылары;

толық емес отбасылар.

Өтініш беру үшін қажет құжаттар:

1. ЭЦҚ кілті;

2. отбасының барлық мүшелеріне ҚР бойынша жылжымайтын мүліктің жоқ немесе бар екендігі туралы анықтаманың сканерленген нұсқасы;

3. балалардың туу туралы куәліктерінің сканерленген нұсқасы / отбасы мүшелерінің жеке куәлігі (бар болса);

4. неке қию/бұзу/ әке болуды анықтау туралы куәліктің сканерленген нұсқасы/ №4 формасы/ қайтыс болу туралы куәлік (бар болса);

5. жылжымайтын мүлікті белгілейтін құқықтық құжаттарының сканерленген нұсқасы (бар болса);

6. мүгедектік туралы анықтаманың сканерленген нұсқасы (бар болса).

Ақмарал Ағзамқызы
Бөлісу: