Елордадағы жаңа мешіттің алдында үлкен саябақ болады

13 Маусым 2022, 11:32 1450

Нұр-Сұлтан қаласындағы жаңа мешіттің кіреберіс аллеясының алдында қоғамдық кеңістік ашылады. Бұл туралы қала әкімі Алтай Көлгінов әлеуметтік желідегі парақшасында жазды, деп хабарлайды El.kz

Қазір мешіттің кіреберіс аллеясының алдында аббаттандыру жұмысы жүріп жатыр. Аталған қоғамдық кеңістік қала тұрғындары мен қонақтары үшін уақытты тиімді өткізуге болатын тартымды орындардың біріне айналады. Қоғамдық кеңістік Мәңгілік Ел, Қабанбай батыр даңғылдары және Сауран, Хусейн Бен Талал көшелерінің бойында орналасқан.

«Орталық аллеяда ұзындығы 300 метр болатын субұрқақ орналасқан, сол сияқты көлеңкелі шатырлар, шағын сәулет нысандары орнатылады әрі маңайы ауқымды түрде көгалдандырылады. Жаяу серуендеу, демалысты тыныш орында өткізу жағдайы, көлік тұрақтары және т.б. орындар қарастырылған. Жыл сайын аумақты қосымша көгалдандырып, қоғамдық кеңістікті жақсартатын боламыз. Ол кезең-кезеңімен абаттандырылған үлкен саябаққа айналады», - деп жазды қала әкімі.

Мешіттің өзіне келетін болсақ, ол еліміздегі және Орталық Азиядағы ең үлкен мешіт болып есептеледі. Негізгі күмбезінің биіктігі – 90 метр, мұнаралары – 130 метр. Мешіттің сыйымдылығы 30 мың адамға арналған. Мешіттің құрылысы демеушілік қаражат есебінен жүргізіліп жатыр.

Бөлісу: