Елордадағы Мұхит аралына жаңа балық әкелінді

15 Қаңтар 2016, 06:59

Елордада он үш жылдан бері мұхиттан 3 мың шақырымнан астам қашықтықта орналасқан әлемдегі жалғыз бірегей Мұхит аралы (океанариум) жұмыс істеп келеді.

Елордада он үш жылдан бері мұхиттан 3 мың шақырымнан астам қашықтықта орналасқан әлемдегі жалғыз бірегей Мұхит аралы (океанариум) жұмыс істеп келеді. Қала тұрғындары мен қонақтары жыл бойы су асты әлемімен және ерекше теңіз балықтарымен таныса алады, джунглиде театрландырылған анимациялық қойылымға қатысып, экзотариумды тамашалайды.

Келушілер Оңтүстік Америка мен Оңтүстік-шығыс Азиядан, жылы тропикалық өзендерден және ашық теңіздер мен мұхиттардан әкелінген теңіз бен тұщы суда тіршілік ететін 2 мыңнан астам балықты тамашалай алады.

Жақында Мұхит аралына жаңа балықтар әкелінді. Крылатка-зебра – ұзындығы 30 см жыртқыш балық, ол өз ұзындығының үштен екі бөлігін құрайтын балықтармен қоректенеді. Арқа және кеуде жүзбеқанаттарындағы ұзын ленталарда өткір улы инелер болады. Мұхит аралында әлемдегі ең улы балық – бородавчатка немесе тас балық тіршілік етеді, ұзындығы 35-50 см. Пиранья тұқымдастарынан шыққан балықтар да адамдардың қызығушылығын тудырады. Қоңыр паку Оңтүстік Америкадағы хакациндердің ең ірі өкілі болып табылады және ұзындығы 1,08 м, салмағы 40 кг жетеді. Тағы бір мекендеуші - жыртқыш балық пиранья наттерердің төменгі жақтары мен тістері оған қорегін кесектеп жеуге мүмкіндік береді.

Мұхит аралының басты мекендеушілері – акулалар. Ақ теңбіл мысық акула Үнді және Тынық мұхиттарында 18 м дейінгі тереңдікте мекендейді. Олар түнде шығады, қорек іздейді, ал күндіз су асты үнгірлерінде және жарықтарында жасырынады. Атлант мұхитында және Тынық мұхитының шығыс бөлігінде 130 м дейінгі терендікте тіршілік ететін мұртты күтуші акула да бар. Тіркелген максималды ұзындығы - 4,30 м. Күтуші акулалар түнде шығады. Күндіз 40 шақты акула топтасып су түбіндегі құмда, үнгірлерде немесе таяз сулардағы жартастар мен маржан рифтердегі жарықтарда демалады.

«Думанда» ақ жүзбеқанатты рифтік акула да бар. Бұл кархарин тәріздес тұқымдастарынан шыққан жалғыз рифтік акула түрі. Олардың ерекшелігі – жүзбеқанаттарының басы ақ болады. Үнді және Тынық мұхиттарында 1-330 м дейінгі тереңдікте мекендейді.

 

Мұхит аралына келушілер акула, теңіз тасбақалары және т.б. теңіз балықтарын тамашалай алады.

Тәжірибелі нұсқаушының жетекшілігімен көлемі 3 млн. литрлік теңіз суына түсуге де болады. Бұдан басқа, «Думанда» тұщы немесе теңіз суынан жеке аквариум жасауыңыз да мүмкін.

«Думан» океанариумындағы ғажайып теңіз мекендеушілерінің суретімен толығырақ танысқыңыз келсе мына сілтемеге өтіңіз.


Әзірлеген Тұмар АСЫЛ

Суреттерді түсірген Арман ҚАЛИБЕКҰЛЫ

 

 

 

Бөлісу: