Елордада «Түркі әйелдерінің зергерлік бұйымдары» көрмесі ашылды

6 Наурыз 2023, 12:39 1280

Астанадағы Бейбітшілік және келісім сарайында 8 наурыз Халықаралық әйелдер күніне арналған «Түркі әйелдерінің зергерлік бұйымдары» тақырыбында көрме өтті, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі.

«Түркі халықтары әйел затын ерекше қадірлеген. Оларды өмір сыйлаушы, дәстүрді сақтаушы ретінде құрметтеп, қастер тұтқан. Нәзік жандардың сұлулығы мен әсемдігі әдебиеттің, қолөнер мен зергерлік мәдениеттің дамуына арқау болған», - деді Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі.

Өз кезегінде, Н.Назарбаев орталығының Басқарма Төрағасы Б.Сәрсенбаев барша түркі халықтарын байланыстыратын ортақ тарих екенін алға тартты.

«Тілдің де, тарихтың да, мәдениеттің де тамыры ортақ екенін әрқашан жадымызда ұстаймыз. Бүгін көрме аясында XIX  ғасырдағы күмістен жасалған зергерлік бұйымдардың 70 түрімен танысуға мүмкіндік бар. Бұл түркі халықтары әйелдерінің «өңіржиек», «бозбанд», «хайкел» кеуде әшекейлері, білезіктер, сақиналар және басқа да әшекейлер», - деді Б.Сәрсенбаев.

Көрме келушілерді Еуразияның бай тарихи-мәдени мұрасымен таныстыруға, мәдениетаралық ынтымақтастықты нығайтуға, Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері Съезінің бастамаларын ілгерілетуге бағытталған.

Көрмеге белгілі суретшілер: У.Исмаилов, Е.Айтуаров, М.Байтенов, Б.Бүрдесбекова, А.Баяндина, Д.Нүгер, С.Ермеков, Н.Жәрдемов, А.Сәрсенбаева, В.Ли, Ж. Құдайберген, М.Алтынбек, М.Бақтыгереева, А.Қадырбаева, А.Минайдарова, Л.Айтуарова, А.Әли, Қ.Жайырбек, А.Мусалимова, С.Маханбетовтың көктем сұлулығын, ұлттық ою-өрнектегі әшекей тағынған әйелдер бейнесі, олардың нәзіктігі мен сұлулығын, әртүрлі ұлттардың салт-дәстүрі мен әдет-ғұрыптары, табиғаттың оянуын бейнелейтін туындылары қойылған.

Естеріңізге сала кетейік, Түркі әйелдерінің зергерлік бұйымдары» көрмесі Бейбітшілік және келісім сарайында биыл 6 наурыздан 27 наурызға дейін жалғасады.

EL.KZ
Бөлісу: