Елордада терезе жуып жатқан ер адам 7-қабаттан құлап көз жұмды

2 Мамыр 2023, 23:38 1248

Астанада терезе жуып жатқан 35 жастағы ер адам 7-қабаттан құлап көз жұмды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Астана қаласы Төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметінің мәліметінше, 1 мамыр күні сағат 17:33-те «103» қызметіне 9 қабатты тұрғын үй кешенінде терезелерді жуып жатқан ер адамның құлағаны туралы хабар келген. Қалалық ТЖД мамандарының айтуынша, 1988 жылы туған ер азамат алған жарақаттарынан оқиға орнында қайтыс болған. 

Мамандар күн жылығанда терезеден құлау деректері жиілейтінін айтып, қауіпсіздік шараларын сақтауға кеңес берді.

«Күннің жылынуымен балалардың да, ересектердің де терезеден құлау оқиғалары жиілейді. Көп жағдайда қайғылы оқиғалар ересектердің немқұрайлылығынан және терезелерді жуу кезінде қауіпсіздік талаптарын сақтамағандықтан болады», - делінген хабарламада.

Елордадық Төтенше жағдайлар департаменті терезе жууда қауіпсіздік ережесін сақтауды еске салады.

Берік Арманов
Бөлісу: