Елордада «Текті өнердің шеңбері» атты көрменің ашылуы өтті

3 Наурыз 2023, 16:52 1811

Астанада Қазақстан Республикасы Ұлттық музейінде белгілі зергер, педагог, реставратор, Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі Сержан Баширов пен оның ізбасарларының «Текті өнердің шеңбері» атты көрмесінің салтанатты ашылу рәсімі өтті, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі.

Көрменің негізгі мақсаты қазіргі заман шеберлерінің шығармашылығында жаңғырып келе жатқан қазақтардың сәндік-қолданбалы дәстүрлі білім мен дағдыларды келесі ұрпаққа таныстыру.

Зергер Сержан Баширов көрмедегі туындыларына тоқтала кетті.

«Көрмемде мүлдем жоғалып кеткен қару-жарақтар, бақсылар қолданған тарихи заттары бар. Сондай-ақ қолөнерімнің ішінде зергерлік, тоқыма өнерін де атап кетуге болады. Келешекте әлі тағы да көрмемді өткіземін деген ойдамын», - деді ол.

Сержан Баширов – ХХ ғасырдың соңындағы алғашқы қазақ реформатор шеберлері Дүйсен Сейдуалиев, Даркенбай Шоқпаров және Арыстанбек Хасеновтың ісін жалғастырушы. Зергер уақыт пен өнердің нәзік шекарасында жұмыс істейді. Оның өнімдері дәстүр мен қазіргі заманның көрінісін береді. Сонымен қатар Сержан Баширов қазақтың қолданбалы өнерінің ірі коллекционері болып табылады. Оның топтамасында қазақ өмірі мен өнерінің 100-ден астам заттары бар. Бұл баға жетпес мұра Ұлы Дала көшпенділерінің тарихы мен дәстүрін зерттеуге арналған үлкен ғылыми база болып табылады.

Мәдениет және спорт министрлігі департамент басқармасының басшысы Гүлзейнеп Пазылова шеберге құттықтау сөзін жолдады.

«Сержан Баширов – өзінің шығармашылығын дамытып қана қоймай, бар еңбегін шәкірттердің бойына дарытып отырған тұлға. Сіздің өнеріңіз қазақтың мәдениеті мен өнері үшін өте қымбат. Қазақ елі өзіңізбен мақтанады», – деді.

Көрмеге Сержан Баширов шығармашылығының ізбасарлары, халықаралық симпозиумдардың және басқа да көптеген марапаттардың лауреаттары, сондай-ақ шетелдік, республикалық және аймақтық көрмелердің қатысушылары жиналды.

Жалпы саны 10-нан астам заманауи қазақстандық қолөнер шеберлерінің жұмыстары қойылды. Экспозицияда Сержан Башировтың қазақтың дәстүрлі өнері бұйымдарынан жинақталған коллекциясы да басты орын алады.

Ажар Лаубаева
Бөлісу: