Елордада Tartyl Fest республикалық турнирінің гранд-финалы өтеді

16 Ақпан 2023, 15:05 917

Tartyl Fest республикалық турнирінің гранд-финалы 18 ақпан күні елордада өтеді, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі.

Бұл турнир ҚР Президенті жанындағы «DARA» таланттарды қолдау қорының бастамасымен ұйымдастырылған. Жоба идеясын белгілі қазақстандық продюсер Нұрлан Қоянбаев ұсынған, ал жобаның бренд-елшісі – «Street Workout» бойынша рекордсмен Айтым Жақыпов.

Гранд-финалға өңірлік іріктеу жарыстарында үздік нәтиже көрсеткен 170 спортшы қатысады. Қатысушылардың жасы – 14-51 жас аралығында.

Өткен жылы турникке тартылудан жарыс Қазақстанның 20 қаласында өтті. Онда 7 мыңнан астам қазақстандық тоғыз салмақ дәрежесінде сайысқа түсті. Тартылу саны бойынша рекорд 33 жастағы тараздық Евгенийге тиесілі – ол 50 рет тартылған.

Нұрлан Қоянбаев Tartyl Fest республикалық турнирінің таланттарды іздеу мен өзін-өзі таныту мүмкіндігіндегі маңызын атап өтті. Бұл «DARA» қоры ұйымдастырған алғашқы жоба және ол расында да халыққа кең тарап, Мемлекет басшысының бұқаралық спортты дамыту міндеттерін іске асырудың табысты үлгісі болды.

«Біз басқа салаларда да осындай отандастарымыздың түрлі әлеуметтік лифтілерді пайдаланып, өз талантын жүзеге асыра алатындай алаңдар құруға ниеттіміз», - деді Н. Қоянбаев.

Tartyl Fest ақтық сайысы 2023 жылдың 18 ақпанында EXPO аумағындағы Конгресс орталықта сағат 12.00-де басталады. Жарыс «Jibek Joly» телеарнасының тікелей эфирінде көрсетіледі.

Гранд-финалдың жалпы жүлде қоры – 54 млн теңге. Онда бірінші орын жеңімпазы 3 млн теңге алады, екінші орын үшін сыйақы - 2 млн теңгені, үшінші орын үшін 1 млн теңгені құрайды.

Сонымен қатар франд-финал чемпиондары Street Workout бойынша әлем чемпионатында Қазақстан атынан сайысқа түсе алады.

EL.KZ
Бөлісу: