Елордада синтетикалық есірткі жеткізудің ірі арнасы жойылды

3 Сәуір 2023, 15:21 853

ІІМ есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл департаментінің қызметкерлері елорда полицейлерімен бірлесіп, еліміздің бас қаласына синтетикалық есірткі жеткізудің ірі өңіраралық арнасының жолын кесті, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі Polisia.kz-ке сілтеме жасап.

Есірткімен күресушілер жедел-іздестіру іс-шаралары барысында 34 жастағы ер адамды ұстады. Жеке тінту кезінде оның барсеткасынан синтетикалық есірткісі бар изолентамен оралған бума табылды.

Оның BMW X5 автокөлігін тексеру кезінде орындықтың астынан ішінде осыған ұқсас 66 бума салынған полиэтилен пакет табылды. Есірткі сатушының жалдамалы пәтерінде (ас үйден) гашиш пен 750 грамм синтетикалық есірткі мефедрон тәркіленді.

Барлығы 700-ге жуық синтетикалық және өсімдік тектес есірткі бумалары, сондай-ақ 3 литр “гашиш” майы тәркіленді. ІІМ есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл департаментінің өкілі Данияр Оралов түсіндіргендей, бұл есірткі сатушыны ұстамас бұрын прокуратура санкциялаған арнайы жедел-іздестіру іс-шаралар кешені жүзеге асырылып, департаменттің ұзақ мерзімді жедел әзірлемесі жүргізілді.

Арнайы операцияның басында қаңтар айында Қостанай облысында ірі мөлшерде есірткі жасырып кетумен айналысқан 27 жастағы жігіт ұсталған болатын. Оның қалтасынан салмағы 900 грамм болатын мефедрон салынған 7 бума табылып, тәркіленді. Полицейлер синтетиканың бұл партиясын күдіктінің елордада жасырылған жерлерден алғанын анықтады. Жігіт интернет-дүкен арқылы облыс аумағында оны сатпақ болған. Осылайша арнайы іс-шаралар өткізгеннен кейін полиция қызметкерлері қала аумағында және одан тыс жерлерде есірткі сатумен айналысқан көтерме саудагерді анықтады.

Бүгінгі күні ұсталған адам уақытша ұстау изоляторына қамалды. Ол мүлкі тәркіленіп, 15 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.

EL.KZ
Бөлісу: