Елордада қысқы сырғанау маусымы ашылды

13 Желтоқсан, 20:10 409

Елордада «Жастар» сарайының аумағында 800 шаршы метрлік мұз айдыны мен сырғанақ салтанатты түрде ашылды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі Астана әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап. 

Іс-шараға Байқоңыр ауданының 100-ден астам оқушысы қатысты. Балаларға арнап жаңа жылдық әндер шырқалды, сондай-ақ тегін тоқаштар мен конькилер ұсынылды.

Мерекелік ашылудан кейін балаларды түрлі ойын-сауық күтіп тұрды: эстафета, керлинг, эстафеталық таяқшаны тапсыру, коньки тебу, допты хоккей және қоқыстарды сұрыптау жарыстары. Іс-шара соңында қонақтарға ыстық сусындар мен бауырсақтар ұсынылды.

Естеріңізге сала кетейік, қыс мезгілінде Астана тұрғындары мен қонақтары үшін көптеген ойын-сауық әзірленді: мұз айдындары, сырғанақтар, шағын архитектуралық нысандар, фотоаймақтар және т.б. Осындай 60-қа жуық орын қаланың 6 ауданында ашылады және қыс мезгілінің соңына дейін жұмыс істейді деп жоспарланып отыр.

Мұз айдындарын, сырғанақтарды, шағын архитектуралық нысандарды, фотоаймақтарды және басқа элементтерді жайластыру бойынша жұмыс қараша айының ортасынан басталды. Жұмыс желтоқсанның екінші онкүндігінде кезең-кезеңімен аяқталады.

Перизат Саденова
Бөлісу: