Елордада қоян-қолтық ұрыстан Қорғаныс министрінің кубогына жарыс басталды

7 Желтоқсан 2022, 12:21 1967

Біліктілік нормативтеріне қарай жеңімпаздарға «Қазақстан Республикасының Спорт шебері» атағы беріледі

Жақсылық Үшкемпіров атындағы Жекпе-жек сарайында өтіп жатқан республикалық додаға Қарулы күштердің және күштік құрылымдардың спортшылары қатысып жатыр, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі. Бұл туралы Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі мәлімдеді.

Турнирдің ашылу салтанатына Парламент депутаттары, министрліктер мен өзге де құзырлы мекемелер өкілдері, Қарулы күштердің ардагерлері қатысты.

– Мемлекет басшысы тұрғындардың барлық жас санатында бұқаралық спортты дамытуға, ұлт денсаулығын нығайту мәселесіне ерекше назар аударып келеді. Бұл тұрғыда қоян-қолтық ұрыстың барлық күштік құрылымдарда дамып жатқанын айта кеткен жөн. Ол әскери қызметшілерді шымыр етіп қана қоймай, төзімділікке, мықтылыққа үйретеді. Барлық қатысушыларға сәттілік, тартысты бәсеке, мықты командалық рух тілеймін. Шын мықтылар жеңіске жетсін!, – деді турнирдің ашылу салтанатында Қорғаныс министрі, генерал-полковник Руслан Жақсылықов.

Жарысты Қорғаныс министрлігінің Орталық спорт клубы, Мәдениет және спорт министрлігінің Спорт және дене шынықтыру істері комитеті және Бүкілқазақстандық қоян-қолтық ұрыс қауымдастығы қолдауымен ұйымдастырып отыр.

Қорғаныс министрінің кубогында еліміздің барлық күштік құрылымдарының 15 командасы, 160-тан астам спортшысы қатысып, бағын сынайды. Ерлер сегіз, әйелдер үш салмақ дәрежесінде өнер көрсетеді.

Турнирдің жеңімпаздары мен жүлдегерлері жеке және командалық есепте айқындалады. Сондай-ақ «Үздік техникасы үшін» және «Жеңіске деген жігері үшін» жекелей аталымдары бойынша да арнайы марапаттар көзделген.

Біліктілік нормативтеріне қарай жеңімпаздарға «Қазақстан Республикасының Спорт шебері» атағы беріледі.

Қазақстанның Қарулы күштерінде қоян-қолтық ұрыс әскери қызметшілердің дене шынықтыру даярлығы бағдарламасының маңызды бөлігі екенін айта кету керек. Оны әскерлерде және өскелең ұрпақ арасында кеңінен насихаттауға қорғаныс ведомствосының басшылығы тарапынан да жіті назар аударылып отыр.

EL.KZ
Бөлісу: