Елордада Қазақстан халқы тілдері күні мерекесі өтті

5 Қыркүйек 2023, 16:20 2528

Астанада Қазақстан халқы тілдері күні мерекесі 5 қыркүйек Ахмет Байтұрсынұлының туған күніне орай атап өтілді, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі.

Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігі Қазақстан халқының тілдері күні мерекесінің салтанатты ашылу рәсімін ұйымдастырды. 

Республикалық іс-шараның басты мақсаты Қазақстан халқы тілдері күні мерекесіне қызығушылықты ояту, Қазақстанда тұратын этностардың мәдени мұрасына қызығушылықты қалыптастыру болды.

Салтанатты іс-шараға Қазақстан Республикасы Парламентінің депутаттары, көрнекті қоғам қайраткерлері, белгілі ғалымдар мен бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.

Басқосуда Қазақстан Республикасының ғылым және жоғары білім вице-министрі Талғат Ешенқұлов ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбектің құттықтау сөзін жеткізді.

Бүгінде мемлекеттік тілді қолдау аясы кеңейіп келеді. Ол – заңды құбылыс, өмірдің басты үрдісі. Болашағын Отанымызбен байланыстыратын әрбір азамат қазақ тілін үйренуге ден қоюы тиіс. Қазіргі жаһандану дәуірінде жастарға ана тілін, туған жерін сүюге, оған қызмет етуге, құрмет тұтуға тәрбиелеуіміз қажет, – деді ол.

Ал Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты Нұртөре Жүсіп қазақ тілінің маңызын тілге тиек етті.

Алаш арыстарының қандай еңбек сіңіріп кеткенін тарихтан жақсы білеміз. Қазақ тілінің негізін, грамматиканың ғылыми терминологиясын жасап, үлкен мұра қалдырды. «Егер де біз қазақ деген ұлт болып тууды тілесек, қарнымыздың ашпас қамын ойлағандай, тіліміздің де сақталуын қатар ойлауымыз керек» деген аталы сөзді айтып кеткен еді. Сондықтан бүгінгі ұрпақ Ахаңның іліміне де, біліміне де лайықты болуы тиіс, - деді депутат.

Осылайша отырысқа қатысушылар қазақ тілінің ахуалы мен міндеттерін талқылады.

Сондай-ақ іс-шара барысында тақырыптық бейнеролик көрсетіліп, кітап көрмесі ұйымдастырылды.

Ажар Лаубаева
Бөлісу: