Елордада медиация жұмысы қарқын алуда

26 Шілде 2019, 19:21 3101

Нұр-Сұлтан қаласында кәсіби және қоғамдық медиаторларға арналған «Медиация. Негізгі курс» тақырбында семинар-тренинг өтті.

Іс-шараны Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің қолдауымен Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы «Қоғамдық келісім» РММ ұйымдастырды.

«Медиация жастар арасындағы бірлікті нығайту факторы ретінде» әлеуметтік жобасын іске асыру мақсатында ұйымдастырылған ақысыз негізгі курстың ашылу барысында Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары Шерзод Пулатов сөз сөйледі.

«Кез келген адам медиатор бола алады, бірақ іс жүзінде оны әрі қарай дамытып әкету оңайға түспейді. Қос тарапты татуластыру үшін қабілет керек. Медиация Қазақстанда жаңадан енгізіліп жатқан бірегей құрал болып табылады. Бұл сот жүйесінің баламасы. Қазақстанда жауластық пен қарама-қайшылық жанжалын әрдайым басып отырған. Ерте заманнан билер және ақсақалдар институты осы бағытта ұтымды шешім шығарып отыратын болған. Жалпы медиация институты әлемдік қауымдастықта кеңінен қолданылып келеді. АҚШ елу жылдан астам уақыт қолданса, Жапония, Қытай елдерінде заңнамалық негізде жұмыс істеп тұр.

Қазақстанда медиаторларды даярлау үдерісі негізгі міндеттердің біріне айналды. Ол туралы ҚР Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев айтқан болатын. Қазіргі таңда білікті медиаторларды оқыту жұмыстары жанданып келеді. Бұл ретте Қазақстан халқы Ассамблеясының да үлесі зор.

Баршаңызға белгілі, сот жүйесінде медиация оңтайлы жүзеге асырылуда. ҚХА тарапынан аймақтардағы Достық үйлерінде медиация кабинеттері ашылды. Олардың қызметіне медиаторларды дайындау, түрлі бағыттар бойынша дауларды шешу кіреді.

Бүгінгі ұйымдастырылып отырған семинар Елбасының алдымызға қойған міндеттерін орындауға бағытталған қадам болып отыр.

Семинар барысында спикерлер сіздермен өз тәжірибелерімен бөлісіп, негізгі курсты меңгеретін боласыздар. Қоғамдық немесе кәсіби медиатор болу үшін «Медиация туралы» заңда нақты көрсетілген талаптарды орындау керек. Ал қосымша мәліметтерді алу үшін ҚХА құрылымдарына жүгіне аласыздар», – деді Ш. Пулатов.


Курс тыңдаушыларына бизнес-жаттықтырушы А. Сиырбаев модульдерге сәйкес медиация негіздері туралы әңгімелеп, тәжірибелік жаттығулар мен медиатор жұмысындағы шешендік өнерден шеберлік сыныбын өткізді. Сонымен қатар кәсіби медиатор Ф. Ахмедова медиацияны заманауи қоғамда қолдану әдіс-тәсілдерінің қыр-сырымен таныстырды.

Осы орайда «Қоғамдық келісім» РММ Қазақстан халқы Ассамблеясының қоғамдық құрылымдарының қызметін үйлестіру, халықаралық ынтымақтастық және медиация секторының жетекшісі Талшын Италиева: «Қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлік саласында медиацияны дамыту – ҚХА-ның негізгі бағыттарының бірі. Біздің басты мақсатымыз – даусыз қоғам құру, қоғамның құқықтық мәдениетін арттыру.

Туындаған дауды бейбіт жолмен уақытылы шешіп, оның этносаралық қақтығыстарға ұласуына жол бермеу керек. Сотқа, құқық қорғау органдарына жүгінбей-ақ тараптар өзара шешуге дағдыланғандары жөн», – деп, семинардың мақсатын атап өтті.


Семинар-тренингтің соңында ұйымдастырушылар мен қатысушылар арасында кері байланыс орнатылып, сертификаттар табысталды.

Нұргүл ШАТЕКОВА

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Қазақстан халқы Ассамблеясы порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Авторизация бойынша ank_portal@assembly.kz мекен-жайына хабарласыңыз.

Нұргүл ШАТЕКОВА
Бөлісу: