Астана қаласы кәсіпкерлер палатасының алаңында кәсіпкерлер қала әкімінің орынбасары Ерлан Бекмырзаевпен кездесті. Отырыста ағымдағы кәсіпкерлік саладағы өзекті мәселелер айтылып, оларды шешу жолдары бойынша ұсыныстар білдірді, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі.
Әкім орынбасарының қатысуымен өткен жиында салалық кеңес мүшелері сауда және қызмет көрсету, туризм, денсаулық сақтау салаларындағы бірқатар мәселелерді айтты.
«Бүгінде халықты алаңдатқан мәселелердің ішінде күн тәртібінен түспей тұрғаны – азық-түлік бағасы. Бүгінге дейін инфляция көрсеткіші 20%-дан асып түсті. Бұл ретте біз кәсіпорындардың шығындарын есептей келе бірқатар шешімдер қабылдаудамыз. Бұл шығындардың есебінен тұтынушылар зардап шегуде», - дейді Бейсен Жолболдиев.
Бүгінде үлкен гипермаркет бағалары әкімдік бекіткен бағадан артық үстемақы қосуға құқығы жоқ. Тұрғындар нормадан тыс баға өсімін көрген болса, қауымдастыққа шағым білдіре алады. Салалық сарапшылар мен олардың құрамына кіретін кәсіпкерлер кәсіпкерлікті дамытудағы басымдықтарды айқындау жөнінде ұсыныстар әкім орынбасарына баяндап, көмек сұрады. Осы ретте елордалық туризм қауымдастығының өкілі Татьяна Верницкая туристік алым мәселесін көтерді.
«Қаңтардан бастап туристік алым 5%-ға өскен болатын. Шетелдіктер үшін туристік жарна мөлшерлемесінің өсуі тікелей экономикаға әсерін тигізіп жатыр. Себебі қонақ үйлерде төлем механизмі әлі де дамымай тұр. Сондықтан елордаға келетін шетелдік туристер үшін 2023 жылы төлем жарнасын алып тастап, осы жылы төлем жасау механизмін және қаланың туристік нарығының барлық қатысушыларын тарта отырып, астаналық туризмді дамытудың Жол картасын әзірлеу қажет», - деді ол.
Оның айтуынша, аталмыш мәселелерден кейі елде туризм көрсеткіші 63%-ға төмендеген. Ерлан Бекмырзаев жарна мәселесін қайта қарастыратындарын жеткізді.
Еске салайық, елордалық палата жанынан жеті салалық комитет құрылып жатыр. Атап айтқанда құрылыс және жер қатынастары, өнеркәсіп, ТҚҰ дамыту және қолдау, сауда және қызмет көрсету, көлік және логистика, денсаулық сақтау, туризм, білім беру және жұмысқа орналастыру.Комитеттер кәсіпкерлік субъектілерден түскен өтініштер мен шағымдар бойынша жұмыс жасайды.