Елордада биыл 3 шағын орталық және 4 мектепте инклюзияны қолдау кабинеттері ашылады

1 Наурыз, 21:02 1033

Ел астанасында биыл 3 шағын орталық 4 мектепте инклюзивті білім беруді қолдау кабинеттері ашылатын болды. Бұл туралы мегаполис әкімі Жеңіс Қасымбек желі парақшасында жазды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Астана әкімінің мәліметіне сүйенсек, шаһарда балабақшалар мен мектептерде инклюзияны қолдау кабинеттерінің санын арттыру бағытындағы шаралар жалғаса бермек. Атап айтқанда, бұған дейін «Болашақ» қорымен бірлесіп, 8 балабақшада инклюзияны қолдау кабинеті керек-жарақтармен жабдықталып, пайдалануға берілді. Жуырда тағы үш шағын орталықта инклюзияны қолдау кабинеттері ашылатын болды.

Негізгі уақытта балалар қатарластарымен бірге қарапайым топтарда болады және күніне бірнеше сағат инклюзияны қолдау кабинетінде педагог-ассистенттермен бірге оқиды. Кабинетте ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалардың тұрмыстық дағдыларды қалыптастыру, әлеуметтендіру жұмыстары жүргізіледі.

Қала әкімі Жеңіс Қасымбек №95 «Алматы» балабақшасына арнайы барды. Жұмыс сапары кезінде шаһар басшысы мектепке дейінгі білім мекемесіндегі инклюзияны қолдау кабинетінің жұмысымен танысты. Онда қала әкімі ерекше балалардың ата-аналарымен, үкіметтік емес ұйым өкілдерімен инклюзияны қолдауға арналған қосымша кабинеттер ашу мәселелерін талқылады.  

Тәрбиешілер мен ата-аналардың айтуынша, инклюзияны қолдау кабинеттеріне барған балалар әлеуметтену және оқыту дағдыларын айтарлықтай жақсартты. Мектептерде инклюзияны қолдау кабинеттерінің санын арттырамыз. Қазір 29 мектепте бар. Биыл тағы 4 мектепте ашуды жоспарлап отырмыз делінген жазбада.

Бұған дейін елорданың Наурыз ауданында балалардың қауіпсіздігі бойынша «Қауіпсіз орта» тақырыбында ата-аналармен кездесу өткен еді. Онда отбасындағы тұрмыстық-әлеуметтік жағдай, кәмелет жасына толмаған балалар арасындағы суицид, сонымен қатар құқық бұзушылықтың алдын алу сияқты мәселелер талқыға түсті. Бұдан өзге мектеп санын арттырып, мектепке дейінгі білім беру мекемелерін дамыту мәселелері көтерілді.

Еске салсақ, бұған дейін Оқу-ағарту министрлігінің өкілдері еліміздің әр аймағында балаларды психологиялық қолдау орталықтары мен бөлімшелері ашылатынын мәлімдеген болатын. Ведомство мәліметінше, қазіргі таңда Алматы мен Астана қалаларында, сонымен қатар СҚО, БҚО, Павлодар, Қостанай, Ақтөбе, Қарағанды, Ақмола облыстарында тоғыз психологиялық қолдау орталықтары мен арнайы бөлімшелері жұмыс істеуде. 

Оқи отырыңыз: 

Перизат Саденова
Бөлісу: