Елордада бір түнде жауын-шашын алты есе көп жауды

6 Қаңтар 2023, 15:23 1175

Астанада 2023 жылдың алғашқы күндері қалың қармен басталды. «Қазгидромет» РМК деректері бойынша 5 қаңтардан 6 қаңтарға қараған түні жауын-шашын мөлшері 5,2 мм құрады, бұл алғашқы күннен алты есе көп. Осыған байланысты қаланың коммуналдық қызметтері тәулік бойы күшейтілген режимде жұмыс істейді, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі.   

Астана әкімдігінің ресми сайтының мәліметінше, 5 қаңтардан 6 қаңтарға қараған түні қаладан полигондарға 53 мың текше метрден астам қар шығарылды, бұл – 3 661 жүк көлігіне тең.

Бүгінде елорда бойынша қар күреу жұмысына екі мыңнан астам жол жұмысшы мен 1,3 мыңнан астам арнайы техника жұмылдырылды.

Ең алдымен, ережелерге сәйкес, жолдарда кептеліс болмас үшін қозғалысы өте қарқынды аймақтар тазартылады. Сондай-ақ қарқыны орташа учаскелер – алаңдар, вокзал маңы аумақтары, тротуарлар, әлеуметтік нысандарға кірме жолдар және т.б. тазартылады.

Айта кету керек, 6 қаңтарға қараған түні «Қазгидромет» РМК деректері бойынша, жауын-шашын мөлшері 5,2 мм, ал қардың биіктігі – 39 см. 2023 жылғы 1 қаңтармен салыстырғанда (0,8 мм) жауын-шашын мөлшері алты есеге жуық өсті.

Қыс мезгілінің басынан бері коммуналдық қызметтер қаладан 1,4 миллион текше метрден астам қар шығарды, бұл 113 мыңнан астам жүк көлігіне тең. Қаланың коммуналдық қызметтері күшейтілген режимде жұмысын жалғастыруда, кешкі және түнгі уақыттарда қарқыны күшейтіледі.

Бөлісу: