Медтуризм: Елімізге Еуропадан келіп емделетіндер көбейген

27 Тамыз 2022, 12:50 2094

Елордада медициналық туризмді дамытуға қатысты бірқатар мәселелер талқыланды.

Елордада қала әкімдігі, «Astana Invest» қалалық инвестицияларды дамыту орталығы, «Kazakh Tourism» компаниясы және жаңадан құрылып жатқан ассоциациялар бірігіп Қазақстандағы медициналық туризмді дамыту мәселесін талқылады, деп хабарлайды El.kz.

Бүгінде Қазақстандағы медицина саласында негізінен стоматология, кардиохирургия, нейрохирургия, онкологиялық емдеу, стоматология, косметикалық хирургия жақсы дамыған. 

Мамандардың айтуынша, елімізге Еуропадан келетін шетелдік азаматтардың да саны уақыт өткен сайын артып келеді. Себебі біздің елдегі стоматология қызметі Еуропамен салыстырғанда 10-15%-ға арзан.

«Қазір мемлекетімізде медициналық туризм қарқынды дамып келеді. Әсіресе шетелден келетін азаматтардың саны көбеюде. Біздің ел де өзге мемлекеттермен бәсекелесуге әбден қабілетті. Медицина қызметкерлерінің барлығы дерлік білікті. Келген емделушілермен екі тілде еркін сөйлесе алады. Енді ағылшын тілін қолса меңгерсек деген ой бар», – деді Нұр-Сұлтан қаласы Инвестициялар және кәсіпкерлікті дамыту басқармасының басшысы Ержан Балтаев.

Егер өзге елден келетін азаматтар саны көбейетін болса, медициналық туризмнің елімізге әкелетін пайдасы да зор болмақ.

«Біріншіден, медициналық туризмнің біздің экономикамызға қосатын үлесі зор. Егер шетелдік турист Қазақстанға медициналық қажеттілікпен келетін болса, ол әдеттегіден 3 есе көп ақша жұмсайды. Яғни өзге мемлекеттен келген азаматтар елімізге 1500 доллар пайда әкелетін болса, медициналық туризмнің орташа табысы 4500 долларға дейін жетуі мүмкін. Бұл біздің эконикамызға оң әсерін береді. Екіншіден, Қазақстанның медициналық туризмді дамытынуына үлкен потенциалы бар. Еліміздегі 7 медициналық мекеме JCI аккредитациясымен стандартталған. Оның 6 мекемесі Нұр-Сұлтан қаласында орналасқан. Демек бұл саланың болашақта одан әрі дамуына мүмкіндігі мол», – дейді «Kazakh Tourism» ұлттық компаниясының төрағасы Талғат Аманбаев.

Еліміздегі медициналық туризм қауымдастығы сырттан келетін туристер санын көбейту және оны дамыту мақсатында барлық салаларды біріктіруді көздеп отырғанын айтты.

Ажар Лаубаева
Бөлісу: