Елордада автобус карталары қымбаттайды

26 Желтоқсан 2022, 20:45 1345

Бұл туралы Сity Transportation Systems компаниясы мәлім етті

Елордадағы автобустарда көлік карталарын шығару және қайта шығару бағасы өседі, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі.

Компания 3 қаңтардан бастап «TRANSCARD» көлік карталарының құны өзгеретінін хабарлады. Дербестендірілген көлік карталарын бастапқы шығару құны – ҚҚС-пен бірге 1000 теңгені (бұрынғы бағасы 800 теңге), қайта шығару құны ҚҚС-пен бірге 2000 теңгені (бұрынғы бағасы 1500 теңге) құрайды. Дербестендірілмеген көлік карталарының құны – ҚҚС-пен бірге 1000 теңге болады.

«Бағаның өсу себебі көлік карталарының сатып алу құнының едәуір өсуіне байланысты. Сонымен қатар биыл қолданыстағы жабдықтың тозуына байланысты көлік карталарын басып шығару жөніндегі мамандандырылған касса жабдығын жаңғырту жүргізілді», делінген Сity Transportation Systems таратқан ақпаратта.

Айта кетейік, 2020 жылдың наурыз айынан бастап елорданың барлық кәмелетке толмаған тұрғындары үшін қоғамдық көлікте жүру тегін. Сапар кезінде көлік картасын растау қажет. Бұл жолаушылар ағынын көруге және басым бағыттарды анықтауға мүмкіндік береді.

EL.KZ
Бөлісу: