Елордада ауызсу станциясы мен газ жылу станциясы салынып жатыр

12 Желтоқсан 2022, 22:40 1779

Оған қажеттілік астаналықтар санының жыл санап өсіп келе жатқандығынан туындаған

Астана әкімі Жеңіс Қасымбек газ жылу станциялары, ауыз су станциялары мен ЖЭО-3 құрылысының барысымен танысты, деп хабарлайды El.kz қала әкімдігінің ресми сайтына сілтем жасап.  

Қалада жайлы өмір сүру – тіршілікті қамтамасыз ету жүйелерінің жұмысына байланысты. Қала тұрғындарының саны жыл сайын өсіп келе жатқанын ескере отырып, жұмыс істеп тұрған тіршілікті қамтамасыз ету нысандарының қабілеттілігіне көңіл бөліп қана қоймай, жаңаларын да салу қажет. Қаланы аралау барысында осыған дейін құрылысы басталған нысандардың жұмысымен таныстым. Олар - газ жылу станциялары, ауызсу станциясы (ССС-3), ЖЭО-3. Екі газ жылу станциясын («Тұран», «Оңтүстік-Шығыс») келесі жылыту маусымынан (2023 жылы) бастап іске қосу жоспарланып отыр. Олар жылумен жабдықтау көлемін едәуір арттыруға, құрылысы қарқынды түрде жүріп жатқан болашақ аудандарды жылумен қамтуға мүмкіндік береді. Жаңа газ жылу станцияларының қуаты ЖЭО-3 қуатынан асып түседі. Мәселен «Тұран» газ жылу станциясы 8 млн шаршы метр тұрғын үйді жылыта алады, - деп жазған мегаполистің жаңа әкімі әлеуметтік желідегі парақшасында.

Айтуынша, ЖЭО-3 қалаға қажетті нысанның ұзақ құрылымды екені белгілі. 2023 жылы ЖЭО-3 жұмысын іске қосу міндеті қойылған.  

Сол сияқты қаланы қосымша ауыз сумен қамтамасыз ету қажет. Ауызсу станциясының да (ССС-3) толық іске қосылуы келесі жылға жоспарланып отыр. ССС-3 қуаты - тәулігіне 100 текше метр судан асады. Қаланың қазіргі даму қарқынына сәйкес жаңа тіршілікті қамтамасыз ету нысандарының да қуаты жеткіліксіз болады. Сол себепті Астананың 2035 жылға дейінгі Даму бас жоспарының жобасына қосымша ауызсу станцияларының, жылу станцияларының және т.б. құрылысы енгізілуде, - деді Жеңіс Қасымбек.

EL.KZ
Бөлісу: