Елордада ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі өтеді

26 Тамыз 2022, 14:49 2063

Ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі елордада 27-28 тамыз күндері өтеді

Бұл туралы Нұр-Сұлтан қаласы инвестициялар және кәсіпкерлікті дамыту басқармасы бастығының орынбасары Қуаныш Сапаров мәлім етті, деп хабарлайды El.kz.

Айтуынша, жәрмеңке конституция күніне орай ұйымдастырылып отыр.

«Биылғы жылы Түркістан облысының кәсіпкерлері қалаға 500 тоннадан астам өнімдерін әкелетін болады. Жалпы Түркістан облысынан 70-тен астам кәсіпкер қатысады деп жоспарланып отыр. Бағасына келетін болсақ, қала бағаларынан қарағанда 15-20 пайызға төмен сатылады», - деді басқарма бастығының орынбасары Қуаныш Сапаров

Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігі ұйымдастыратын ауқымды жәрмеңкені биыл Түркістан облысы бастап келгелі отыр.

Түркістан облысының ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Нұрбол Бекмұратов облыстың негізгі даму бағыты ауыл шаруашылығы саласы екендігін атап өтті.

«7 айдың қорытындысы бойынша Түркістан облысында 339 млрд өнім өндіріліп, 104 пайызға артып отыр. Республикадағы үлесіміз 14 пайыз, яғни, алғашқы орында деген сөз. Биылғы жылы 859 мың гектар жерге ауыл шаруашылығы дақылдары егілді. Бұл былтырғы жылмен салыстырғанда 14 мың гектарға артты. Қазіргі таңда облыста дәнді-дақылдар 248 мың тонна, көкеніс - 1 млн тонна, бақша өнімдері – 1,5 млн тонна, жеміс-жидек 110 мың тонна, картоп – 325 мың тонна өнім жиналып отыр», - деді Түркістан облысының ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Нұрбол Бекмұратов.

Ауқымды жәрмеңкенің негізгі мақсаты – өнімдерді өндіруші мен сатушы арасына тікелей жеткізу. Екі күнге созылатын жәрмеңкеде қала тұрғындары мен қонақтарына нарықтағыдан төмен бағамен өнімдер ұсынылатын болады.

«Оның ішінде ет, 165 - тонна бақша өнімдері, 70 тонна – картоп, 100 тонна –көкөніс өнімдері, сүт, шұжық, жұмыртқа секілді өнімдер саудаланады», - деді басқарма басшысының орынбасары.

Айта кетейік, 3-4 қыркүйек күндері Жамбыл облысының ауылшаруашылық жәрмеңкесі өтеді. Одан кейін Қызылорда, Алматы, Батыс Қазақстан, Шығыс Қазақстан, Ақтөбе, Павлодар облыстарының өнімдері жеткізіледі. Аталған шара қараша айына дейін жалғасады.


Амангүл Тілейқызы
Бөлісу: