Елордада Атырау және Батыс Қазақстан облыстарының жәрмеңкесі өтеді

23 Қыркүйек 2022, 10:12 1960

Елордада демалыс күндері өтетін жәрмеңкеде екі облыс 47-ден астам тауар түрін ұсынады

Осы демалыс күндері, 24 және 25 қыркүйекте елордада өтетін ауыл шаруашылығы жәрмеңкесінде Атырау және Батыс Қазақстан облыстарының тауар өндірушілері өз өнімдерін ұсынады, деп хабарлайды El.kz қала әкімдігіне сілтеме жасап.

«Елордада демалыс күндері өтетін жәрмеңкеде екі облыс 47-ден астам тауар түрін ұсынады. Аграршылар 220 тонна өнім тасымалдайды, оның ішінде: 90 тоннадан астам сиыр еті мен жылқы еті, 44 тонна балық, 17 тонна ұн мен макарон өнімдері, 15 тонна көкөніс, 10 тонна картоп, 10 тонна шұжық және консерві өнімдерінің түрлері, 5 тонна өсімдік майы, 5 тонна сүт өнімдері, 2 тонна жемістер мен жидектер, 36 мың дана жұмыртқа, сондай-ақ 21,7 тонна басқа да өнімдер. Сонымен қатар, жәрмеңке қонақтары үшін концерттік бағдарлама дайындалды», - делінген қала әкімдігінің сайтында.

Айта кетсек, ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі әр сенбі және жексенбіде 13 қарашаға дейін өтеді. Өтетін орны: Тұран, 48 мекен-жайы бойынша орналасқан «Астана-Арена» стадионының жанындағы алаң. Келесі өнімді Шығыс Қазақстан және Абай облыстарының кәсіпкерлері 1-2 қазан күндері ұсынады.

Бөлісу: