Елордада ата-аналар форумы өтіп жатыр

11 Тамыз 2023, 14:43 1397

Астанада «Өзіңді тап – өзегіңе орал» атты дәстүрлі жалпыұлттық ата-аналар форумы өтіп жатыр, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі.

Іс-шараны «Сенімен Болашақ» Республикалық ата-аналар қоғамдық бірлестігі мен Қазақстанның Азаматтық альянсы ұйымдастырды. Ата-аналар форумы биыл үшінші мәрте өткізілуде. Шараның мақсаты – қоғамда саналы ата-ана мәдениетін қалыптастыру, отбасы құндылықтарын насихаттау, бала құқығы, білімі, денсаулығы, қауіпсіздігі сынды өзекті тақырыптарды талқылау, шешімін ұсыну болды.

Алғаш болып сөзді Қазақстан Республикасы ұлттық экономика министрінің әйелдер кәсіпкерлігі мәселелері жөніндегі штаттан тыс кеңесшісі Ләззат Рамазанова бастады.

Еліміз бәсекеге түскен соң, нарықтық экономиканың қайнап отырған ортасына кіргеннен кейін көптеген дүние екінші қатарға көшті. Оның ішінде отбасы құндылықтары, тәрбие мәселелері бар. Кеңес дәуірі кезінде бала тәрбиені оқу орнынан алуы қажет деп айтатын еді. Ал қазіргі тәжірибе нағыз тәрбие отбасында болуы керек екенін көрсетеді, - деді Ләззат Керімқұлқызы.

Басқосуда ғылым және жоғары білім министрінің орынбасары Талғат Ешенқұлов өте өзекті мәселелердің талқыланып жатқандығын айтты.

Форумның негізгі мақсаты – күнделікті өмірде мән бермей жүрген ата-ана мен баланың қарым-қатынасына қатысты мәселелердің күрделі екенін көрсету. Шараның басында алғашқы 40 минутында көрсетілім қойылды. Бейнероликтің соңында барлығын тұжырымдай келе бір жақсы мәселе қозғалды. Яғни өзін-өзі тапқан адам өзіне де, қоғамға да, жалпы ұлтқа да қиямет жасамайды деген керемет сөз айтылды, - деді Талғат Ілиясұлы.

Сондай-ақ ол адамдардың көбі жұмысбасты болып, бала тәрбиесін ұстаздарға жүктеп қояды деген пікірін жеткізді.

Ата-ана баланың тәрбиесінде жақсылықты байқаса, онымен мақтан тұтады. Ал бір кемшілікті көріп қалса, ұстаздарды кінәлап, мектеп қайда қарап отыр дейді. Жалпы баланың тәрбиесіне тек қана мектеп, тек ата-ана жауапты емес. Адамның тәрбиесінде қоғамның әрбір тетігі үлкен рөл атқарады. Біз осыған көңіл бөлуіміз керек, - деді Талғат Ешенқұлов.

Павлодар облысы Шарбақты ауданындағы Шалдай орта жалпы білім беру мектебінің директоры Майгүл Тергемесова аталмыш форумға қатысуға алғаш рет келген.

Форум болатыны жайлы естігінде оған ата-ана және директор ретінде қатысуым қажет деп есептедім. Бала тәрбиесіне қатысты түрлі ақпараттарды алып, спикерлердің сөзін тыңдағым келді. Бар білген, түйгенімді мектептегі ата-аналарға жеткіземін, - дейді Майгүл Еркеболатқызы.  

Іс-шараға қатысуға депутаттар, елімізге белгілі қоғам және мемлекет қайраткерлері, ғалымдар, педагогтер, психологтар, бала құқығын қорғау жөніндегі заңгерлер, білім беру ұйымдарының ата-аналар комитеттері мен қамқоршылық кеңес мүшелері, еліміздің барлық облысынан 500-ге жуық белсенді ата-ана келді.

Ажар Лаубаева
Бөлісу: