Елордада 18-25 желтоқсан күндері Astana Muz Fest 2022 ауқымды қысқы фестивалі өтеді, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі. Бұл туралы қалалық әкімдіктің ресми сайты мәлімдеді.
Фестивальдің ресми ашылуы 18 желтоқсан күні сағат 18:00-де EXPO көрме орталығының алаңында өтеді. Іс-шарада еліміздің басты шыршасы жағылады, қазақстандық әртістер өнер көрсетіп, Аяз Ата мен Ақшақар кештің көркіне айналады.
Сондай-ақ фестивальдің ашылуында «Әлем халықтарының ертегілері» тақырыбында мұз мүсіндері байқауының жеңімпаздары марапатталады. Мүсіндер фестиваль басталардан 3 күн бұрын салына бастайды. Жарысқа Қазақстан мен жақын шет елдердің мүсіншілері қатысады.
Сол күні мұз айдыны, слайдтар, аттракциондар, азық-түлік пен кәдесыйлар сатылатын жаңа жылдық жәрмеңке, балаларға арналған аниматорлар өз жұмысын бастайды.
Мұз қалашығы елорда тұрғындары мен қонақтарының бос уақытын өткізуге арналған орынағ айналады. Мұнда коньки тебуге және сырғанақтан сырғанауға, мүсіндер мен фотоаймақтардың фонында естелік фотосуреттер түсіруге, қысқы іс-шараларға қатысуға болады (аққала мүсіндеу, би байқаулары, арқан тарту, балаларды конькиде сырғанауға үйрету, эстафеталар және т.б.).
25 желтоқсан күні сағат 11:00-ден бастап жұртшылыққа арналған түрлі іс-шаралар басталады: Аяз Ата мен Ақшақар, би жарыстары, шеберлік сыныптары, коньки тебу және сырғанау.
Осыдан кейін сахнада қазақстандық жұлдыздардың қойылымдары бар концерттік бағдарлама, фестивальге келушілер үшін жүлделер ұтыс ойыны және от шоуы өтеді.