Мәдениет және спорт министрлігінің ұйымдастыруымен Наурыз мейрамы аясында Астанада алғаш рет халықаралық «Жыршы-термешілер» фестивалі өтті. Фестивальге Қазақстан, Өзбекстан және Қырғыз елінен жыршы-жыраулар қатысты, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Атап айтқанда, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері: Алмас Алматов, Айгүл Қосанова, Елмұра Жаңабергенова, мәдениет қайраткері Ерболат Шалдыбеков, мәдениет саласының үздіктері: Елікбай Иса, Фархат Оразов, Қайрат Кәкімов, халық жыршысы Жәнібек Пиязов, Тоғаев Бахшикул (Өзбекстан Республикасы), Қырғызстан Республикасының еңбек сіңген артисі Сыдыков Дөөлөтбек және тағы да басқа өнер майталмандары танымал жыр, терме, толғау, дастандарды орындады.
Жыраулық, жыршылық өнер – халқымыздың мыңжылдық мәдени мұрасы. Фестивальді ұйымдастырудағы басты мақсат - атадан балаға мирас болып жеткен ұлттық өнерді дәріптеу, бауырлас түркі халықтарымен мәдени ынтымақтастықты нығайту болып табылады. Мәдениет және спорт министрлігі жастарды жыраулық өнерге баулып, онымен ғылыми тұрғыда айналысуы үшін барлық мүмкіндіктерді жасайтын болады,- деді ҚР Мәдениет және спорт вице-министрі Нұрғиса Дәуешов.