Елордада 62 мыңнан астам адам ауқымды экоакцияға қатысты

21 Қыркүйек, 18:14 589

Астанада «Таза Қазақстан. Астана – тазалық пен тәртіптің үлгісі» экоакциясы және Дүниежүзілік тазалық күні (World Cleanup Day) аясында ауқымды жалпықалалық сенбілік өтіп жа тыр, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Қала әкімдігінің мәліметінше, оған қаланың 62 мыңнан астам тұрғыны, еңбек ұжымдары, мемлекеттік органдардың қызметкерлері, шағын және орта бизнес субъектілері (базарлар, сауда-ойын-сауық орталықтары, кафелер, мейрамханалар және басқалар), еріктілер, спортшылар мен мәдениет қайраткерлері, зиялы қауым өкілдері, мәслихат депутаттары, МИБ (ПИК) және басқалар қатысты.

Экоакция қаланы абаттандыру, көгалдандыру және санитарлық тазарту жұмыстарын жүргізуге бағытталған. Экоакция шеңберінде қалада: қаланы, нөсер және арық кәріз желілерін санитарлық тазарту, көшелерді, тротуарларды, орамішілік аумақтарды, қоғамдық кеңістіктер мен аулаларды тазалау жүргізіледі.

Әрбір тұрғын елордада тазалық пен тәртіпті қамтамасыз етуге белсенді үлес қосуда. Қала тұрғындары бүкіл кіреберістер мен өз аулаларын таза ету үшін шыққан.

Барлық аудандарда саябақтар, скверлер мен аулалар жиналып, қайың, емен, шырша, қарағай, сирень сияқты қылқан жапырақты және жапырақты 2 мыңнан астам ағаш отырғызылды.

Бүгінде қаланы жинауға 62 мыңнан астам адам, 5 мыңнан астам кәсіпорындар мен ұйымдар қатысты. Полигонға 170 тоннадан астам қоқыс жиналып, шығарылды, аялдама павильондарын, бағдаршам нысандарын, жерасты және жер үсті өткелдерін жуу жүргізілді, 730 жүк көлік және тиеу техникасы тартылды.

Экоакция кезінде 4 рұқсат етілмеген полигон жойылды. Рұқсат етілмеген қоқыс орындарынан қоқыс шығару үшін 90-нан астам ауыр жүк рейсі жасалды.

Астанада ауқымды жалпықалалық сенбіліктер тұрақты негізде өткізіледі.

Естеріңізге сала кетейік, елордада Taza Astana жаңа әлеуметтік жобасы іске асырылды. Жоба құқықтық тәртіп, абаттандыру, көгалдандыру, санитарлық тазалау, көппәтерлі тұрғын үйлердің, үй жанындағы, орамішілік және аула аумақтарының кірме топтарының тазалығы мәселелері бойынша жүйелі жұмыс жасауға бағытталған.

Жансая Тәуекелқызы
Бөлісу: