Елорда мектебінде ерекше күтімді қажет ететін балаларға қандай жағдай жасалған

20 Сәуір 2023, 15:46 1414

Ыбырай Алтынсарин атындағы №83 мектеп-гимназиясы Астана қаласы бойынша ресурстық орталық болып табылады. Бұл туралы аталған мектеп директорының орынбасары Назым Әбілқасымова брифингте айтты, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі.

Айтуынша, мектеп ашылғалы бері 7 жыл ішінде ерекше білім беруді қажет ететін балалар үшін инклюзивті білім беру ортасы құрылып, ол дамып келеді.

Мектебіміз Астана қаласы бойынша ресурстық орталық болып табылады. Қазіргі таңда ерекше білім беру қажеттілігі бар 120 бала білім алып жатыр. Олардың ерекшеліктері мен қажеттілігіне байланысты 30 пайызы жалпы білім беру бағдарламасы бойынша білім алса, 45 пайызы оқу бағдарламасы бойынша бейімделген. Жеке оқу бағдарламасы бойынша білім алатындарға арнайы кітап, дәптер қолданылады. Балалардың бейімделуі мен мықты жақтарын дамыту үшін мектебімізде инклюзивті қолдау кабинеті жұмыс істейді, – дейді Назым Әбілқасымова.

Мектепте арнайы мұғалімдер, психолог мамандар қызмет етеді. Бұл бағыт бойынша бірқатар жоба да жүзеге асып жатқан көрінеді. Оқу жылының басынан бері мектеп «Қасиетті жол» қоғамдық қорымен меморандум жасасқан. Сол арқылы ерекше күтімді қажет ететін балалар ипподромда емдік шараларға қатысады.

Амангүл Тілейқызы
Бөлісу: