Елорда дүниежүзінде тағы қандай елдердің астанасын интернет сапасы жағынан басып озады? Бұл сұраққа цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин жауап берді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Бүкіл рейтингтер барлығына белгілі, барлығына қолжетімді. Сондықтан Speedtest және басқа да рейтинг агенттіктеріне кіріп қарасаңыздар болады. Тіпті мен сіздерге сілтемесін де жібере аламын, - деді министр Үкімет отырысынан кейінгі брифингте.
Министр ғаламтордың сапасына байланысты қойылған сұраққа былай деп жауап берді:
Министрлік ретінде біз ресми сайттардың рейтингіне жүгінеміз. Дегенмен интернет сапасына қатысты бізде мәселелер бар екенімен келісемін. Сондықтан біз операторларға базалық станцияларды орнату мен сапаны арттыру бойынша нақты тапсырмалар беріп отырамыз. Өзім де интернет сапасын және базалық станциялардың жұмысын ай сайын тексеріп, бақылап отырамын. Бірақ бұл министрліктің құзыретіне кірмейді. Себебі операторлар өзінің байланыстарының сапасы мен жұмысына өздері жауапты, - деді Мусин.
Бұған дейін министр Бағдат Мусин Үкімет отырысында еліміздегі ІТ саласының қарқынды дамып жатқанын айтқан болатын.