«Елімнің дамуына үлес қосуға тырысамын»

18 Қаңтар 2021, 17:10 6598

Моңғолиядан келген қандасымызбен әңгімелескен едік

Еліміз Тәуелсіздік алғаннан бастап 1 млннан астам этникалық қазақ тарихи Отанына оралған. Қазіргі кезде олар қоғамның түрлі саласында қызмет атқарып келе жатыр. Солардың бірі — Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының баспасөз хатшысы Сырымбек Төлеуұлы.

«Ауылдың шаңына аунап өскен қазақтың баласымын ғой...»

Сырымбек Төлеуұлы 1988 жылы Моңғолияның Баян-Өлгей аймағында дүниеге келген. Әкесі осы аймақтың Дэлгүүл ауданында әкім кейін Баян-Өлгей аймағының мәслихат депутаты болған. Ал анасы мемлекеттік қызметте жұмыс істеген.

— Мен бала кезімнен оқу жылы аяқталысымен бірден ауылға кететінмін. Жазғы демалысты сол жақта ата-әжемнің қасында өткіздім. Олар өзгелер секілді киіз үйде тұрды. Ол кісілер мал шаруашылығымен айналысты. Менде ер жеткенше шамам келгенше оларға қолғабыс еттім. Жалпы кішкентайымнан ауылдың шаңына аунап өскен қазақтың баласымын ғой...   Байқағаныңыздай, атам мен әжемнің қолында көп болдым. Ол кісілердің тәлім-тәрбиесін бойға сіңірдім. Әлі есімде, атам күн сайын таңертеңгілік ерте тұрып, радиодан жыршылардың жырларын тыңдап отыратын. Кейін соны бізге жатқа айтып беретін. Жыр-дастан, аңыз-әңгіме үзілмейтін қазақы ортада ер жеттім, - дейді Сырымбек Төлеуұлы.


Еліміз Тәуелсіздік алғаннан бастап қандасымыздың туған-туыстары біртіндеп елге көше бастаған.

— Анам есепші болып зейнетке шықты. Ал әкем Алла Қаласа келесі жылы зейнетке шығады. Үйде төрт ағайындымыз. Үш інім бар. Барлығы да шетелде білім алды. Менен кейінгі інім Қытайдың 10 млн халқы бар Харбин қаласында оқыды. Ал қазіргі кезде Англияда білімін жалғастырып жатыр. Үшінші інім Қазақстанда білім алды. Қазіргі кезде Моңғолияның Ұлан-Батыр қаласында жеке кәсіппен айналысады. Ал үйдің кенжесі Түркияның Стамбул қаласында білім алды, - дейді ол.

«Сол уақытта жұмыс табу өте қиын болды»

Қандасымыз Моңғолияның Баян-Өлгей аймағындағы мектептің қазақ сыныбында білім алған. Ол мектепті бітірген соң Европада білім алуды жоспарлағанын айтады. Бірақ та тарихи Отанынан жырақта туған, жырақта өскен Сырымбекке Қазақстанға келуіне әке-шешесі кеңес берген.

— 2005 жылы Қазақстаннан Моңғолиядағы қазақ диаспорасына білім гранттары бөлінді. Сол жылы мектепті тәмамдаған болатынмын. Біздің аймаққа қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша үш грант беріліпті. Соған аяқ астынан құжатымды өткізіп, емтихан тапсырдым. Бұған шамамен 170 бала таласып, үш гранттың біреуін мен жеңіп алдым. Содан Өскемен қаласындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік университетіне оқуға түстім. Онда төрт жыл оқып, 2009 жылы диплом алдым.

Сырымбек Төлеуұлы бір мемлекеттен екінші мемлекетке қоныс аударған алғашқы уақытта қиын болғанын айтады.

— Мен алғаш Моңғолияның шекарасынан асқан уақытта жасым небәрі 16-да болды. 2005 жылы тамыз айында алдымен Қытайға барып, кейін Үрімжі арқылы Өскеменге келдім. Мен келген жылы Өскеменде орыстар көп еді. Мұнда бірінші рет келіп тұрмын әрі ешкімді танымаймын. Оған қоса, орысша білмейміз. Бір сөзбен айтқанда, мен жаңа ортаға тап болдым. Әлі есімде, қазақтарды көргенде өз туғанымды көргендей қуанатынмын. Тіпті олармен тілдескім кеп тұратын. Кез келген адам жаңа дүниелерді тез қабылдап, өзгеруге бейім болып тұрады емес пе? Сол сияқты мен де бастысы бірте-бірте жаңа ортаға бейімделіп, сіңісіп кеттім.

Жоғары оқу орнын тәмамдағаннан кейін алғашқы қызметінде қандасымыз айына 9 мың теңге жалақы алғанын айтады.

— Мен алғашқы қызметімді елордадағы мектептердің біріне оқытушы болып бастадым. Мұнда қазақ тілі мен әдебиетінен оқушыларға сабақ бердім. Жалақым айына 9 мың теңге еді. Сондай-ақ өзімнің мақала жазатыным бар еді. Содан қосымша журналист болып қызмет еттім. Осы орайда бір айта кететін жайт, сол уақытта жұмыс табу өте қиын болды. Өйткені оқуды кеше бітірген жас маманды көбісі жұмысқа алмайтын, - дейді ол.


Сырымбек Төлеуұлы 2019 жылдың шілде айынан бастап осы күнге дейін Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының баспасөз хатшысы болып қызмет етеді.

— Өзім Дүниежүзі қазақтары қауымдастығына қызметке келгеніме қуанамын. Мұнда шетелдегі қандастардың азаматтық алу, тарихи Отанына оралу, квота алу мәселесі сынды түрлі істермен шұғылданамын. Сол бағытта жұмыстар атқарамын. Бізге азаматтар көбінесе азаматтық алу, уақытша тіркеуді создыру сынды мәселелермен жиі келеді. Солардың әрқайсысын жеке-жеке қабылдап, мәселесін шешуге жәрдемдесеміз. Осы уақытқа дейін біраз адам Қазақстанның азаматтығын алды. Жалпы өзіңіз байқағаныңыздай, мен тікелей қандастармен жұмыс істеймін.

Қандасымыз елімізде оған азаматтық алу үлкен проблема болғанын айтады.

— Мен Моңғолиядағы қазақ диаспорасына бөлінген білім грантымен білім алғандықтан университетті бітіргенше Моңғолияның азаматтығында болдым. Жоғары оқу орнын бітірген соң, азаматтық алу үшін құжаттарымды тапсырдым. Маған Қазақстантың азаматтығын алу біраз қиынға соқты. Шамамен бір жылдай күтіп, азаматтықты алдым. Елге келген кездегі тағы бір проблема бұл орыс тілі. Жоғары да айтып кеткенімдей көпшілігі орысша сөйлейді. Ал біз мұны түсінбейміз. Сол жағынан аздаған қиындықтар болды. 

«Ауылда тұратын қандастарымыз мал бағумен шұғылданады»

— Моңғолия қазақтарының көбісі орыс тілін білмейді. Олар керісінше ағылшын тіліне өте жақсы меңгерген. Себебі мектепте оқытады. Бастысы олар қазақ, моңғол, ағылшын тілдерін жетік біледі. Мен мектепте білім алып жүрген кездері қазақтың салт-дәстүрі де кішкене сақталған. Мәселен, мен ауылдағы қазақтың түрлі мейрамдарда ұйымдастыратын дәстүрлерін бойыма сіңіріп өстім. Әсіресе ауылды жерлерде өте қызықты өтеді. Қазіргі кезде Моңғолия мемлекеті ақырындап өзінің ішкі саясатын жүргізіп жатыр деп ойлаймын. Өйткені қазір мектептерде тек 2-ші сыныпқа дейін қазақша оқытады екен. Ал одан кейін қазақ тілі жоқ дегенді естіп жатырмын.


Сырымбек Төлеуұлы сол жақтағы қазақтар қазір бұрынғы көшпенді қазақтар секілді өмір сүретінін айтады.

— Моңғолияда ауылда тұратын қандастарымыз мал бағумен шұғылданады. Жазда жайлауға, күзде күзеуге, қыста қыстауға көшіп жүретін қазақтар әлі бар. Бұрын түйемен көшсе, қазір заманның талабына сай көлікпен жүреді ғой. Ал қалада тұратындары мемлекеттік қызметте болмаса саудада жүр. Олар балаларын Қазақстанда, Америкада, Европада, Қытайда, Жапонияда оқытады.

Сол қазақ жастарының арасында елге оралғысы келетіндер де баршылық дейді қандасымыз.

— Менің ойымша, шетелден елге келген уақытта бір нәрсе аламын деп келмеу керек. Мен өзім алғаш келген кезде ешкімнен ештеме алған жоқпын. Барлығын осы жерден бастадым. Аллаға шүкір, қазір жағдайым жаман емес. Елге оралған осы уақыт аралығында біраз қалыптастық,тәжірибе жинадық, жаңа достар таптық. Біздер, шетелден келген қандастар, тәуелсіз еліміздің бір кірпішін қаласуға атсалысуымыз қажет деп ойлаймын. Өзім елімнің дамуына үлес қосуға тырысамын, - деп сөзін түйіндеді қандасымыз Сырымбек Төлеуұлы.

Сабина Кәкімжан
Бөлісу: