Елімізге табыс әкеліп жатқан 5 бизнес

27 Маусым 2017, 18:32 12062

Бизнес-бапкер Азамат Маханалинмен сұхбат

Қазірде Қазақстанда табысты бизнес қайсы десеңіз, бірден жалға беру, ломбард сол секілді басқа да шағын және орта бизнестер көз алдыңыздан өте шығары анық. Бірақ, елімізде шын табысқа кенеліп жатқан бизнестердің нақты түрлерін толық біле бермейміз. Осы сұрақ төңірегінде «Атамекен» Ұлттық Кәсіпкерлер Палатасының бизнес-бапкері Азамат Маханалинді сөзге тартқан едік.

Жалпы Қазақстанда экономикалық табыс әкеліп жатқан бизнестің бес түрі  ірі бизнес салалары болып табылады. Ең алғашқы табысты бизнес – «шектеулі табиғат ресурстары» мұнай, газ өндіру.  Бұл саланың қаншалықты табысты екенін айтпасақ та түсінікті шығар.  Тек Қазақстан емес әлемнің байлығының бір тетігі осы ілгеріде атап кеткен салада. Ал екінші табысты бизнес – жер қойнауындағы пайдалы қазба байлықтарының өндіру салалары.

Азаматтың айтуынша, құрылыс саласы күрделі әрі бірнеше түрге бағытталған табысты бизнес. Бұған өнеркәсіптік (зауыттар), қосылымдар (жолдар, көпірлер, туннелдер), азаматтық (тұрғын үй, қоғамдық ғимараттар), әскери нысандар, гидротехникалық (бөгеттер, жағалау қорғау құрылымдары мен құрылыстар, су қоймалары) тағы басқалары кіреді. Табысты бизнестің үшіншісі нақ – осы.

– «Технология ғасыры» болғандықтан жаппай «сандықтау» дәуірі өтіп жатыр. Қарапайым тілмен айтқанда, бұл жоғарғы ақпараттық технологиялар саласындағы қызметтер. Бұған жататын бағыттың бірі: қазіргі қолдарымыздағы «гаджет» – ұялы электрондық цифрлық тасмалдауыш. Осының аясындағы көрсетілетін ғаламтор қызметі, жоғарғы табысты бизнеске жатады. Түсінікті болу үшін мысал келтіре кетейін: инновацияларды дамыту, өндіру, сандық-провайдерлық, операторлық қызмет көрсету, ұялы тасмалдауыштарды алып-сату, өңдеу-жөндеу, тағы сол сияқтылар...

Оның сөзінше, бесінші бизнес – әр-түрлі қызмет көрсету салалары. Бұл жоғарыда айтып кеткен салалардан бастап, күнделікті тұрмыстық қажеттіліктерді қамтитын қызметтер. Мысалы, мемлекеттік сатып алулар. Тендер тәсілімен қызметтерді сатып алу. Бұл аталғандар – жоғары табысты бизнес болып табылады.

Ілгеріде аталғандардың табысты болуын бизнес-бапкері былай түсіндіреді:

Табыстылығының сыры – көз алдымыздан өтіп жатыр. Біріншіден, бұның барлығы экономикалық қозғалыс салалары. Жалпы экономикалық өсудің нысаны, кескіні. Екіншіден, күнделікті тұрмыстағы пайдаланатын және қолданылатын қызметтер мен заттар болғандықтан, олар әлеуметтік-экономикалық мұқтаждыққа айналды. Яғни, жаңа табысты кәсіпті ашпас бұрын осыны естен шығармау керек.  

Сонымен қатар, Азамат Маханалин орта және кіші бизнестің қатарындағы тағы бір табыс әкелетін кәсіпке тоқтала кетті.

Жалпы, орта және кіші кәсіпкерлік аясында қарастыратын болсақ, қазіргі кезде ғана емес әр уақытта табысты бизнестердің бірі –  ауыл шаруашылығы, оның ішіндегі мал шаруашылығы. Әрине, бұл жеңіл отырып пайда әкелетін бағыт екен деп қалмаңыз. Оның жоғары табысты болуының сыры – үнемі сұранысқа ие және күнделікті тұтыну өнімдерін шығаратын таза өнімдер.

Сондай-ақ, қазірде еліміздің түкпір-түкпірінде «Атамекен» Ұлттық Кәсіпкерлер Палатасының «Бастау Бизнес» жобасы іске асырылып жатыр. Осы жоба бойынша ауылда тұратын, жұмыссыз және де өзін-өзі қамти алатын жерлестеріміз кәсіпкерліктің қыр-сырына қанығып, түрлі негіздері бойынша тәлім алуда.

– Оларды әр түрлі жаңа оқыту технологиялармен, оқыту саласындағы инновациялық, заманға сай әдістерді қолданып, кәсіпқой бизнес бапкерлері тәлім беріп жатырмыз. Арнайы мәліметті тез арада және оңай қабылдау үшін түрлі кейстік және қарапайым тілмен жеткізу жолдары қарастырылған. Яғни,  жоғары деңгейлі бизнес бапкері екі тілде де сабақ жүргізіп, аудиторияны өзіне бағындыра алуы керек. Оқу топтары қазақ тілі мен орыс тілінде сөйлейтін тыңдарманнан тұруы мүмкін, сондықтан да мағлұматтар қарапайым, сөзі түсінікті, оп-оңай қабылданатындай мәлімет беріледі және қаншалықты ұғынықты екендігі сауалнама арқылы анықталып жатыр. Сәуір айында басталған бағдарлама бірінші және екінші топ түлектерінің бизнес жобаларын қағазға түсіріп, санап, жинақтап, әрі сертификаттар тапсырып қаржы институттарына жіберді. Одан соң, қолға алынатын шара «қаржы көзі» талап еткен құжаттарды реттеп, тапсырып, алты пайыздық (6%) несиеге ие болу. Ай сайын еліміздің барлық аумағында көптеген «стартты» жобалар іске асып, жаңа кәсіппен кәсіпкерлер елдің экономикасын арттырып, өз үлестерін қосып жатыр.

Мөлдір Қайнар
Бөлісу: