Елімізге 150-ге жуық құнды қолжазба мен сирек кітаптың түпнұсқасы әкелінді

24 Маусым, 18:35 828

Бүгін Астанада «Қолжазба – ғасырлар мұрасы» атты көрмесі, сондай-ақ Қазақстан мұсылмандары Діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы және басқарма өкілдерімен кездесу өтті, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Басқосу отырысында көне жазба мұраларды анықтау, жинау және зерттеу бойынша жұмыстары, шетелде және еліміздің өңірлерінде жүргізілген археографиялық экспедицияларының нәтижелері баяндалды және де көрмеде тарихи жазба деректер қойылды.

Суреттер: El.kz/Артем ЧУРСИНОВ

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайдың үшінші отырысында әлеуметтік, шаруашылық, идеологиялық және басқа да салалардағы бағдарымызды айқындап, нақты шараларды қолға алуымыз керек деп атап өткен еді. Соның ішінде еліміздің тарихын зерттеу, тарихи-мәдени жәдігерлерді, оның ішінде олардың көшірмелерін Қазақстанға қайтару жұмыстарын жандандыру да аса маңызды екенін айтты. Осы бағытты басшылыққа ала отырып Ұлттық орталық тарихи жазба мұраларды жинау және сақтау саласында айтарлықтай маңызды жұмыстар атқаруда.

Суреттер: El.kz/Артем ЧУРСИНОВ

Іс-шараның мақсаты – Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы мен Қолжазбалар және сирек кітаптар ұлттық орталығы арасында тығыз байланыс орнату және ұлтымыздың мәдени және жазба мұрасын жинау және сақтау мақсатында өзара ынтымақтастық келісім шартын жасау.

Сурет: El.kz/Артем ЧУРСИНОВ

Болашақта Ынтымақтастық аясында ҚМДБ көмегімен еліміздегі мешіттерде, жеке тұлғалардың қолында сақталған құнды жазба деректерді анықтау, жинау және зерттеп, ғылыми айналымға енгізу жұмыстарын бірлесіп атқару, халқымыздың рухани мұрасы болып табылатын жазба деректерді насихаттау мақсатында «Munara TV» телеарнасында бірлескен телевизиялық жобаларды ұйымдастыру және тағы басқа да маңызды жұмыстар қамтылады.

Қолжазбалар және сирек кітаптар ұлттық орталығының мамандары ақпан-сәуір айында шетелге және Қазақстанның бірнеше өңіріне іс-сапармен барып келген. Олар еліміздің тарихына қатысы бар құнды жазба-деректерді бір орталыққа жинап, ғылыми айналымға енгізуді мақсат етіп отыр.

Сурет: El.kz/Артем ЧУРСИНОВ

Атап айтқанда, іс-сапар Ұлыбританияның Лондон, Оксфорд, Манчестер қаласына, Қазақстанның Қызылорда, Түркістан, Семей, Тараз қаласына жасалды. Оның аясында 150-ге жуық түпнұсқа қолжазба, кітап жинақталды. Бұл қолжазбалар мен сирек кітаптар тарихты жазуға маңызды дереккөз болып есептеледі. Оларды біз барынша сақтап, кейінгі ұрпаққа жеткізуіміз керек, – деді Қолжазбалар және сирек кітаптар ұлттық орталығы Ғылыми-зерттеу жұмыстарын ұйымдастыру бөлімінің басшысы Кәмшат Пәрімбекова.

Наурызбай қажы Тағанұлының айтуынша, жоғарыда аталған мұраларға тексеріс пен реставрация жұмысы жүргізілген соң олар ғылыми айналымға жіберіледі.

Сурет: El.kz/Артем ЧУРСИНОВ

Бұл жұмыстардың атқарылуына әуелі Алла, одан кейін мемлекет тарапынан үлкен қолдау бар. Халқымыздың рухани жағынан білім алуына ықпал ету біз үшін сауапты іс болмақ. Алдағы уақытта жиналып отырған құнды мұралар еліміздің дамуына үлкен үлесін қосады деп сенеміз, – деді ол.

Сурет: El.kz/Артем ЧУРСИНОВ

Басқосуда Ұлттық орталық мамандары еліміздің құнды жазба мұраларын сақтау барысында маңызды болып саналатын реставрация зертханасының жұмыстары, оның ішінде 2023 жылы аталған зертханада Марал ишанның Кенесары ханға сыйлаған Құран кітабына жоғары деңгейде жүргізілген реставрация жұмыстары көрсетілді.

Ажар Лаубаева
Бөлісу: