Еліміздің оңтүстік-шығысындағы 5 ғажап мекен

14 Маусым 2017, 10:43 16063

Алматы айналасындағы кереметтерге бардыңыз ба?

Алматы айналасы әсем тбиғаты мен мыңжылдық тарихы бар таулардан тұратын әсем өңір. Мұндағы көрнекті орындар тек елімізге ғана емес, төрткүл дүниеге белгілі шатқалдар мен көлдер бар. Ландшафтары тіптен қайталанбайтын, табиғаты қарама-қайшылыққа толы орын іздесеңіз, Қазақстанның оңтүстік-шығысына аттаныңыз.

Қайыңды көлі

Аталған көл көшкіннің жылжу әсерінен жүз жыл бұрын пайда болған. Бұл табиғаттың өзгеше құбылысын Алматыдан күншығысқа қарай қарағайлы ормандарымен жабылған Алатаудан таба аласыз. Мұнда шыршалар тұп-тура судан өсіп шығып, біраз биіктікке барып жетеді. Оны көпшілік «аруақтар кемесі» деп те атап кеткен.

Десек те, табиғаттың тосын апаттары Қайыңды көлінің сұлулығына нұқсан келтірмей қоймады. Көшкін шыршаларды бүлдіріп, көлге жететін жолды да жауып тастады. Су мөлшері де таязданып қалды. Көлдің қайыңды атануы осы аттас талдар мен қарағайдың көп болуына байланысты.

Үлкен Алматы көлі

Үлкен Алматы көлі осындағы басқа да көлдер секілді жер сілкініс нәтижесінде пайда болған. Платинаның сол жағынан көлдің үш шыңын бақылай аласыз, ең биігі Кеңес шыңы  – 4317 метр болса, Көл деп аталатын шың – 4110 метр, ал Турсит шыңы – 3954 метрді құрайды. Көлден екі шақырым жерде, 2700 метр биіктікте астрономиялық обсерваториясы бар ежелгі мұзды алқап орын тепкен. Үлкен Алматы аталатын шатқалда «Озерное» және «Өтпелі» атты екі шатқал созылып жатыр. Көлдің көркіне ғана көз тастап қоймай, мұз қатқан әсем шыңдар да сізге тамаша табиғаттың әсерін сыйлайды.

Айғай құм

Әнші құм, Айғай құм – Алматы қаласынан 250 шақырым қашықтықта, Кербұлақ ауданындағы Үлкен Қалқан тауы мен Кіші Қалқан тауы етегінде орналасқан. Құм қоспасынан тұратын төбенің биіктігі 150 метрге дейін, ұзындығы болса сегіз шақырымдай болса, ені үш шақырымға дейін жетіп жығылады. Қалқан тауларынан соғатын желдің өзгеріп, бұл жерді құмды төбеге айналдырған.

Қос бағыттан соққан желдің әсерінен бұл төбелерден кәдімгі сырнайдан шыққандай керемет әуезді дыбыс шығады. Желдің соғуына орай, құмның биіктіктері де өзгеріп отырады.

Шарын шатқалы

Шатқал әлемдік көрнекі орындардың қатарына кіретінін біліп пе едіңіз? Оның сұлулығын барып, өз көзіңізбен көріп қайтқаныңыз абзал. Шатқал Алматы қаласынан 195 шақырым шығысқа қарай орын тепкен. Шарын ұлттық саябағының құрамына кіреді. Бұл табиғаттың ерекше құбылысы кеше-бүгін қалыптасқан жоқ, бірнеше мың жылдық шөгінді тау жыныстарынан түзілген. Каньонның кей биіктігі 300 метрге дейін жетіп жығылады. Бұл жерде сирек кезігетін мұздану дәуірінен қалған ясеньді кезіктіруге болады.  Негізгі саяхатшылар баратын жерлер Қорғандар аңғары мен Темірлік шатқалы.

Қатутау және Ақтау

Қос тау Алтынемелдегі танымал, әрі сұлулығымен ерекшеленетін көрнекті орындары. Қатутау, бұл – бұрын жанартаулар атқылаған күйі қатып қалған лавалар. Неше мың уақыт өтесе де сол пішінін әлі күнге дейін сақтап, көз тартарлық иірімдері мен ойықтары бұзылмай тұр.  

Қызылды-жасылды теңіз шөгінділері тас беткейін жауып тұратын ғажап тауды да осы Алтынемелден табасыз. Ақтау деп аталатын тау бұрын болған теңіздің орнында тұрғандықтан, бұл жерден теңіз жануарларының сүйектерін оңай табуға болады. Мұнда өсімдік атаулы өспейді, тек сексеуіл бұталарын сирек кезіктіре аласыз. Сусыз мекен өз кереметтілігін бірнеше мың жылдар бойы сақтап келеді.
 

Мөлдір Дарханбаева
Бөлісу: