Еліміздің музейтанушылары Түркияда іс-тәжірибеден өтті

30 Сәуір 2019, 19:50 7439

Тарихи-мәдени мұраларын насихаттау мәселелерін шешуде инфрақұрылымы дамыған ел

Қазақстан Республикасы Ұлттық музейі мен Қазақстан Республикасындағы Түрік Ынтымақтастық және үйлестіру агенттігінің (TİKA) ұйымдастыруымен ҚР Тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаевтың «Ұлы Даланың жеті қыры» мақаласы аясында қазақстандық тарихи-өлкетану музейлерінің мамандары үстіміздегі жылдың 14-20 сәуір аралығында Түркияның бірнеше қаласында іс-тәжірибеден өтіп қайты.

ҚР Ұлттық музейі жанындағы «Қасиетті Қазақстан» өлкетануды дамыту орталығының жетекшісі – Берік Әбдіғалиұлы бастаған делегация «Түркия музейлеріндегі жаңа инновациялық технологиялар мен музейлік жаңа әдістерді игеру» тақырыбында семинарлық, практикалық сабақтарды тыңдады және тәжірибе алмасты.

Музейлердің жұмыс форматтарын жаңғыртуда шетелдік музейлерден тәжірибе алу өте маңызды. Себебі бірнеше ғасыр тарихы бар және музей ісінде озық тәжірибе жинақтаған шетелдік музейлер «посткеңестік» музейлердің көш алдында тұр. Біздің бірен-саран музей саласы мамандары Ресей, Түркия, АҚШ, Қытайдағы музейлерден тағылымдамадан өтті. Соның ішінде Еуропа мен Азияның тоғысқан жерінде орналасқан Түpкия еліндегі музейлер аса бай тарихи-мәдени мұраларымен, тарихи орындарымен ерекшелінеді.

Нарықтық қатынастар музейлік басқару жүйесіне, әсіресе музей директорларына кәсіби біліктілік пен іскерлікті қалыптастыратын жаңаша басқару үлгісін міндеттейді. Сондықтан қазақстандық музей басшылары нарық жүйесінде жұмыс атқарып отырған Түркия музейлерінен көптеген жаңа әдістерді игеруге мүмкіндік алды.

Іс-сапардың алғашқы күні Анкара қаласындағы TİKA Халықаралық ұйымының бас кеңсесінде өтті. Кездесу барысында TİKA ұйымының қызметі мен жобалары, алдағы жоспарлары жайлы айтылды. Сондай-ақ, TİKA Астана координаторлығымен бірлесе отырып музей саласы бойынша тың бастамаларды – музей саласын дамытуды қолға алу қажеттігіне тоқталды.

Сапардың екінші күнінде қазақстандық делегация Түркия Республикасы Мәдениет және туризм министрлігі мен Бас музейлер басқармасы өкілдерімен кездесті.

Кездесу барысында «Түркиядағы музей ісі және музей басқару» тақырыбында Түркия Республикасы Мәдениет және туризм министрлігі Мәдени мұралар және музейлер Бас басқармасы бөлімінің басшысы – Мұстафа ГҮНЕШ, «Түркия музейлерінде реставрация және консервация тәжірибелері» атты тақырыпта ТР Мәдениет және туризм министрлігі Мәдени мұралар және музейлер Бас басқармасы мәдениет және туризм қызметкері – Бүлент ГӨНҮЛТАШ, «Музейлерде білім беру және мәдени шараларды ұйымдастыру» тақырыбында ТР Мәдениет және туризм министрлігі Музейлер басқармасының археологы – Мерал ЙЫЛМАЗ, «Өзгеріп және дамып жатқан Түркия музейлері» атты тақырыпта ТР Мәдениет және туризм министрлігі Мәдени мұралар және музейлер Бас басқармасы археолог, доктор – Сөнер АТЕШОҒУЛЛАРЫ және «Мұражайлар Ұлттық инвентаризация жүйесінің жобасы (MUES)» тақырыбында ТР Мәдениет және туризм министрлігі Мәдени мұралар және музейлер Бас басқармасы жоба жетекшісі – Хакан АЙГҮН баяндама жасады. Барлық баяндамашылар музейлер туралы мол, әрі пайдалы мағлұмат беріп, музей саласындағы жаңа технологиялық тәсілдермен де егжей-тегжейлі таныстырды.

Мұражай бөлімінің басшысы М.Гүнештің айтуынша, Түркияда министрлікке қарасты музей саны - 208, ал министрлікке қарасты жеке музей саны 258-ке жеткен...

«Түркия музейлерінде балалар, жасөспірім және жастарға арналған іс-шаралар ұйымдастырылып тұрады. Музейде экрандық құрылғы, металл ақша, керамика, неолит дәуір өмірі, реставрация және консервация үйірмелері жұмыс істейді. Министрлігіміз тарапынан мемлекеттік театрлар мен Бас басқарманың ұйымдастыруымен белгілі бір кезеңдерде музейге келушілерге арналған театр қойылымдарын халыққа ұсынамыз. Бұл барша балаларға зор қуаныш сыйлайды!» - деп атап өтті археолог М.Йылмаз.

Сондай-ақ, «...қолда бар музейімізді заманауи музей түсінігі аясында жаңалау арқылы жаңадан музей ашып, музейлеріміздің әлемдік стандартқа қол жеткізуін қамтамасыз етеміз» - деп тілге тиек етті доктор, археолог С.Атешоғуллары.

Музейлер Бас басқармасы мәдениет және туризм қызметкері Б. Гөнүлташтың айтуынша, Түркияның 9 аймағында «Реставрация және консервация аймақтық зертханалар басқармасы» жұмыс жасайды. Бұл басқармаларда 3 млн 300-ден астам тарихи-мәдени мұралар бар. Онда 203 музей және 141 ашық аспан музейлерімен қоса 258 жеке музейде 1500-ден астам коллекция бар. 

«MUES» жобасының нәтижесінде жылдам ақпаратқа, деректер базасына, электронды үкімет арқылы мәдени мұраларға қол жеткізуге, ұрлық-қарлықтың алдын-алуға, ғылыми-зерттеу жасауға және археологиялық туризмді дамытуға қол жеткізетін боламыз» - деп атап өтті Мәдени мұралар Бас басқармасы жоба жетекшісі Х.Айгүн.

Ресми іс-тәжірибе алмасу күнінің соңында тараптар музей ісі жөнінде құнды кітаптардан өзара сый-сияпат табыстады. «Қасиетті Қазақстан» зерттеу орталығының ғылыми қызметкері Анар Екімбаева Түркия мамандарын Қазақстандағы музей жұмысымен танысуға және дәріс оқуға елге шақырды.

Қазақстандық делегация құрамында Нұр-Сұлтан, Алматы қаласы, Атырау, Алматы, Қызылорда және Түркістан облысының тарихи-өлкетану музей мамандары бар. Атап айтсақ, ҚР Мәдениет министрлігінің мұра комитеті Тарих және мәдениет басқармасының сарапшысы – Алибек Кузербаев, ҚР Ұлттық музейі, «Бозоқ» қорық-музейінің директоры – Сауле Бурбаева, Алматы облысының мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы басшысының орынбасары – Әлия Жақыпбекова, Атырау облыстық тарихи-өлкетану музейінің директоры – Рашида Харипова,  Қызылорда облысы мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының бөлім басшысы – Жанар Нұржақыпова, Түркістан облыстық тарихи-өлкетану музейінің директоры – Гулнар Аренова және Алматы қаласы мәдениет және архивтер басқармасы басшысының орынбасары – Данияр Алиев, «El.kz» интернет-жобасыныңы шығарушы редакторы, журналист – Руслан Беген, ҚР Ұлттық музейі «Қасиетті Қазақстан» өлкетануды дамыту орталығының жетекшісі – Берік Әбдіғалиұлы және ҚР Ұлттық музейі «Қасиетті Қазақстан» өлкетануды дамыту орталығының ғылыми қызметкері әрі делегациялық топтың жетекшісі – Анар Екимбаева.

Сапар соңында музей қызметкерлерімен қоса мамандар, музейтанушылардан құралған топ Анкара, Конья, Невшехир және Каппадокия тарихи өңіріндегі қасиетті мекендер, музейлер, медреселер мен тарихы терең Селжұқ дәуіріне тән тарихи-мәдени нысандарды аралап, экскурсия жасады. Атап айтар болсақ, Конья қаласындағы «Көбелектер аңғары» музейі, «Мәулана музейі», «Индже минарели» мешіті және «Каратай медресесі» тарихи жерлерін аралады. Каппадокияда «Зелвэ» ашық аспан музейі, «Үргүп» және «Гөреме» ашық аспан музейлерін тамашалап, «Каймаклы» жерасты қаласы, «Гүверджинлик аңғары» және Каппадокия жерасты керамикалық музейі «Гүрай музейін» көрді. Невшехирдегі Хаджы Бекташ Вели кешенін аралап, Хаджыбекташ археология және этнография мұражайымен де танысып қайтты.

Қазіргі таңда Қазақстан Республикасы Ұлттық музейі – еліміздегі ең ірі әрі озық тәжірибелі музейлердің бірі болып саналғандықтан  әлемдік озық тәжірибе үлгілерін пайдалана отырып облыстық тарихи-өлкетану музейлеріндегі ұйымдастыру және дамыту мәселесін басты назарға алып отыр. Музейлер жұмысын, оның экспозициялық құрылымын қайта қарау, цифрлі жүйелер мен жаңа ақпараттық технологиялар енгізу туралы семинар-тренингтер өткізбек.

 

Еліміздің музей саласы мамандары Түркия музейлері туралы не дейді?

Aлмaты oблыcының мәдениeт, архивтер және құжаттама басқармасы басшысының орынбасары Әлия Жaқыпбeковa,

Ия, бaуыpлac Tүpкия eлiнiң мyзeйлepінің жұмысымен тaныстық. Tүpкиядa музeй ісіне өте қaтты көңiл бөлeтiнiн бaйқaдым. Tуpизмдi дaмытудың нeгiзгi ныcаны музeйлep. Oндa кeлгeн әp туpиcт музeй тapихымeн тaныcып бoлғaн coң, coл музeйдiң тapихынa бaйлaныcты жacалғaн дүниeлepді caтып aлa aлaды. Ocылaйшa, музeйлepдің aқылы қызмeтi жaқcы жoлғa қoйылғaн. Әp музeйдiң өз ғылыми зepтхaнaлapы, экcпepттepi мeн лaбopанттapы бap. Tүpiк eлi музeйлepiнiң aлaңдapы өтe үлкeн. Өйткeнi, тapихи opындapды көздiң қapaшығындaй өте жaқсы caқтaлып қaлған. Мyзeй жұмыcтapы нeгiзiндe өз eлiнiң тapихын нacихaттay apқылы тypистepдiң caнын көбeйтiп жәнe өз елiнiң экoнoмикacын көтepуге ықпaл жacaп oтыp. Oндa, әcipece, apхeoлoгиялық мyзeйлepi өтe көп.

Tүpкияның oзық музeйлepiмeн тaныcып, тәжipибe aлмacып қaйтyғa мұpындық бoлғaн Қaзaқcтaн Рecпубликacының Mәдeниeт жәнe cпopт миниcтpлiгi, Tүpкия Pecпубликacы Mәдeниeт жәнe тypизм миниcтpлiгi жәнe TİKA xaлықapaлық ұйымынa aлғыcымды бiлдipемiн!

ҚР Ұлттық музейі, «Бозоқ» қорық-музейінің директоры Сауле Бурбаева,

Түбі бір тамырымызды ескере отырып, бауырлас түрік елінің тарихи-мәдени объектілері бізді ерекше қызықтырып келеді. Түркия тарихи-мәдени мұраларын насихаттау мәселелерін шешуде дамыған инфрақұрылымымен, музей қызметіне деген қызығушылыққа назар аударту және мәдени-туристік кластерді қосуда өте дамыған ел. Міне, осының бәрін сөзсіз маркетингтік және менеджерлік қызмет саласы жоспарын егжей-тегжейлі үйренуіміз қажет. Ондағы тарихи жерлердегі (Конья, Каппадокия музейлері) табиғи ландшафтық үйлесімді кәсіби әрі сауатты түрде қолдана білуімен таңқалдырды. Сондай-ақ, осы сапар барысында бұл салада еңбегі сіңген екі ел министрліктері мен ТİKA ұйымына зор рахмет!

 

Қызылорда облысы мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының бөлім басшысы Жанар Нұржақыпова,

Түркия музейлерінің кереметтігін, барлық жағдай жасалғанын айтып жақсы әсер алғанын және көп тәжірибе жинақтағанын тілге тиек етті. Әсіресе, Түркия елінде музей ісімен қатар, туризм саласының жақсы дамығанын, ондағы музейлердегі бір жүйелілік қатты қызықтыратынын және экспонаттардың жанында «аудио-гид бар» деген белгілері ұнайтынын атап өтті.

 

Түркістан облыстық тарихи-өлкетану музейінің директоры Гүлнар Аренова,

«Шағын аумақты жерде орналасқан Түркия – түрлі мәдениеттер мен өркениеттердің бай мұрасын, олардың даналығы мен сұлулығын оңай сыйдыратын ел. Іс-сапар барысында Анкара, Конья, Невшехир қаласы және Каппадокия жерлерінде болып, ондағы қайталанбас тарихи орындармен танысу мүмкіндігіне ие болдық. Түркияда музей саласы туризмнің өзегіне айналған. Бізге де осы саланы ары қарай дамыту бойынша жұмысымызды жалғастыруымыз керек. Түркия мемлекетінің рухани бай мұрасынан әсіресе музей саласынан алар тәжірибелеріміз мол деп ойлаймын».

Түркиядан танымдылық тәжірибеден өткен музей қызметкерлері мен мамандар еліміздегі өңірлерлік музейлерде өлкетану, музей ісі жайында семинар-тренингтер өткізуді жоспарлауда.

Қазақстан тәуелсіздікке қол жеткізіп, дамыған елдер сапына қосылуға ұмтылған уақытта музей қызметін әлемдік озық тәжірибе үлгілерін пайдалана отырып дамыту мен ұйымдастыру мәселесі басты назарда.

Сондай-ақ, еліміздің музей жұмысының креативті болуы мен жандануы үшін заманауи жолдар іздестіруде музей менеджменті мен маркетингі, жаңа ақпараттық технологиялар енгізу өзекті тақырыптардың бірі. Сол себептен қоғамның әлеуметтік-мәдени сұранысының өсуіне байланысты музейлердің міндеті мен қызметі кеңеюі қажет.

Руслан БЕГЕН
Бөлісу: