Нидерланд астанасында жергілікті туризм саласының сарапшылары, туркомпаниялар мен дипломатиялық корпус өкілдері қатысқан «Қазақстанның туристік әлеуеті» тақырыбында дөңгелек үстел өтті, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
«Kazakh Tourism» ұлттық компаниясының шетелдік өкілі Арджан Лангедейк Қазақстанның кең ауқымды туристік мүмкіндіктерін таныстырып, оның ішінде тау шаңғысы курорттары, таңғажайып табиғаты бар өңірлер, ежелгі қалалар және белсенді демалыс пен іскерлік туризм үшін тартымды кең дала туралы таныстырылым жасады.
Дөңгелек үстел барысында Қазақстанның туристік стратегиясының негізгі бағыттары, атап айтқанда, инфрақұрылымды жақсарту, экологиялық таза туризмді дамыту және елді Еуразиядағы тартымды туристік бағыт ретінде насихаттау сияқты мәселелері талқыланды.
Қазақстанның Нидерландтағы Елшісі Қайрат Әбдірахманов қабылдаушы елмен арадағы екіжақты қарым-қатынастардың серпінді сипатта дамып келе жатқанын айтып өтті. Елші атап өткендей, Қазақстан тарапынан нидерландтық компаниялармен бірлескен жобаларға жасалған қолайлы жағдайлар дәстүрлі түрде тартымды болып саналатын экономиканың табиғи ресурстарды игеру сияқты салаларымен шектеліп қана қоймай, сонымен қатар туризмге де назар аудартуға мүмкіндік берді.
2024 жылғы қазанда Қазақстан «Lonely Planet»-тің беделді «Best in Travel 2025» тізіміне енгені оның әлемдік туристік картасында танымалдығының артып келе жатқанын көрсетті. Сонымен қатар «Conde Nast Traveler», «Wanderlust» және «The New York Times» сынды беделді басылымдар Қазақстанның және жеке Алматы қаласының табиғи сұлулығы, бай мәдени мұрасы және туристерге ыңғайлы инфрақұрылымы үшін маңызды туристік бағыттар ретінде атап өтті.
Іс-шараға қатысушылар дөңгелек үстелдің ақпараттық мазмұнын жоғары бағалап, нидерландтық саяхатшылар үшін елімізде қолжетімді мүмкіндіктерге, оның ішінде мәдени маршруттарға, тау туризміне және Қазақстанның ұлттық парктері бойынша ерекше сапарларға үлкен қызығушылық танытты.