Еліміздің кей аймақтарында коронавирусқа шалдығушылар қатары артып келеді

6 Қыркүйек 2023, 22:06 499

ОКҚ-да өткен брифинг барысында ҚР Денсаулық сақтау министрлігі Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитеті төрағасының орынбасары Зәуре Ахметова еліміздегі коронавирус және қызылша бойынша санитарлық-эпидемиологиялық ахуал жайында мәлімет берді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Ведомство өкілі соңғы аптада әлемде КВИ-ге шалдыққандар саны 38%-ға өскенін айтып өтті.

Егер Қазақстандағы көрсеткіштерге келетін болсақ, биылғы жылы КВИ жұқтырудың 10 409 жағдайы тіркелді, 2022 жылмен салыстырғанда, әрине бұл – 38 есе төмен көрсеткіш. Төмендеу бар екеніне қарамастан, мысалы тамыз бен шілде айларын салыстырсақ, 1,5 есе – 233-тен 343 жағдайға дейін өсу деңгейі байқалады. Өсім негізінен Алматы, Астана және Шымкен қалаларында байқалып отыр, - деді Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитеті төрағасының орынбасары Зәуре Ахметова.

Вакциналардың жайына келетін болсақ, Зәуре Ахметованың айтуынша, бүгіндері ол кез келген азаматқа қолжетімді.

Вакциналар бар әрі халыққа қолжетімді. Елімізде 257 мыңнан астам доза бар: Комирнати/Омикрон вакцинасы – 80 мыңнан астам және Sinopharm – 170 мыңнан астам. Бүгінгі таңда біз тағы вакцина сатып алу жайын қарастырып жатырмыз, өйткені халықты қамсыздандыру деңгейі өте жоғары, халықтың 55,9 пайыздан астамы вакциналаудың толық курсын алды. Әлемдік тәжірибені ескере отырып, бізде 5,8 миллионнан астам адам бастапқы вакциналаудан, 1,5 миллионнан астам адам қайтара вакциналаудан өткен. Яғни, біз жағдайды бақылап отырмыз, эпидемиологиялық ахуалды ескере отырып, вакциналардың қосымша дозаларын сатып алу мәселелері қаралатын болады, - деді Зәуре Ахметова.

Комитет төрағасының орынбасары қызылшаға қатысты жағдай көңіл көншітпейтінін айтты. Оның айтуынша, негізінен бұған вакциналаудан бас тарту себеп.

Жыл басынан бері қызылшаның 4 306 жағдайы тіркелді: 70% – вакцина алмаған балалар, оның ішінде вакциналаудан бас тарту – 1700-ден астам жағдай, медициналық қарсы көрсетілімдер – 172 жағдай, егілу жасына жетпеу - 648 жағдай. Вакцина жеткілікті мөлшерде. Бұл ретте қосымша сатып алуды қарастырмаймыз. 2023 жылға 552 мыңнан астам доза сатып алынған, қоймада вакцина көлемі жеткілікті, - деп атап өтті Зәуре Ахметова.

Берік Арманов
Бөлісу: